Еуропа футбол қауымдастығы (UEFA) Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасы ережелеріне бірқатар өзгертулер енгізді. Бұл ережелер келесі маусымнан бастап атқарылады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты UEFA-ның ресми сайтына сілтеме жасап.

Матчтардың басталу уақытына қатысты өзгертулер.Жаңа маусымнан бастап Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің плей-офф ойыны, топтық кезең матчтары, 1/8 финал, 1/4 финал, 1/2 финал және финалдық кездесулер Орталықеуропа уақыты (CET) сағат 21:00-де (Астана уақыты 01:00) басталады. Сонымен қатар топтық кезең ойындарында әр сейсенбі және сәрсенбі күндері екі кездесу Орталықеуропа уақыты 18:55-де (Астана уақыты 22:55) басталады. Ал топтық кезеңнің ең соңғы айналымы аясындағы матчтар бірдей уақытта басталады. Нақты уақытын UEFA өз кезінде белгілейді. Еуропа лигасының ойындары топтық кезеңнен бастап 1/8 финалға дейін Орталықеуропа уақыты (CET) сағат 18:55 (Астана уақыты 22:55) және 21:00-де (Астана уақыты 01:00) басталады. Нақты қай ойынның қашан өтетіні жеребе арқылы анықталады. Ал ширек финалдан бастап ойындардың барлығы 21:00-де (Астана уақыты 01:00) басталады. UEFA Суперкубогы үшін өтетін матч Орталықеуропа уақыты 21:00-де (Астана уақыты 01:00) басталады.