WorldBoxingNews.net сайты Сауль Альварес допинг дауынан соң жазаланатын болса, Геннадий Головкин кіммен жұдырықтасуы мүмкін екенін сараптап көрді.

Бұған дейін NSAC Канелоны 10 сәуірге дейін бокстан шеттеткен. Мексикалықтың болашағы сол күні белгілі болады.

Головкиннің промоутері Том Леффлердің айтуынша, GGG кез келген жағдайда 5 мамырда жекпе-жек өткізеді.

«Билли Джо Сондерс Мартин Мюрреймен жекпе-жегін ауыстырып тастағанына қарағанда, маусымға дейін дайын болмайды. Демек, Головкин мен оның промоутеріне басқа қарсылас іздеу керек. Дэнни Джейкобс 28 сәуірдегі Matchroom Boxing кешіне қатысады. Осылайша, Головкинде жоғары деңгейлі таңдаулар аз қалды. Джермалл Чарло 5 мамырға екі апта қалғанда жекпе-жек өткізеді. Деметриус Андраде Геннадий үшін жақсы нұсқа болар еді. Оның промоутері Арти Пеллуломен келісе алса. WBO «тұрақты» әлем чемпионы Риота Муратамен де жекпе-жек өткізуге болады», - деп жазылған мақалада.