Астанада Франция жастарын қабылдаған Қазақстан жастар құрамасы қарсыластарына есе жіберіп алды. 90 минуттық матчтың 9 минуты біздің құраманың әлсіз тұсын ашып берді.«Астана Арена» таблосында тіркелген 0:3 есебі еш кездейсоқ нәтиже емес. Қос құраманың қазіргі деңгейі осындай есептің тіркелерінен ертерек дерек бергендей еді. Себебі, көп санды ойыншылары Гермения мен Франция чемпионаттарында өнер көрсететін Франция құрамасының бәсі бізден бір бас жоғары екені сөзсіз. Бүгінгі кездесуде Франциядан келген жігіттердің жергілікті футболшылардан физикалық жағынан да, техникалық тұрғыдан да мықты екені көзге ұрып тұрды.
Ал екінші жағынан, былтыр құраманы өрге сүйреген Дидар Жалмұқан, Юрий Перцух, Бахтиер Зайнутдинов сынды маңызды ойыншылар биыл қатарда жоқ. Кейінгі екеуі Станимир Стоилов бастаған Қазақстан ұлттық құрамасымен бірге Венгрияда жүр. Ал Дидар жаңа маусым басталғалы қайда жүргені белгісіз. «Астанадан» кетті, «Тобылдың» тізімінде жоқ. Жалмұқанды сатып алды деген «Ордабасы» сапынан да көрінбейді. Қазақтың тағы бір талантты футболшысы өзіне команда таппай жүрген секілді. Қысқасы, Қазақстан құрамасының дайындығы да, құрамындағы футболшылары да кезекті ойынға сақадай-сай емес еді. Осындай олқы тұстарымыз болса да, елордадағы ойынды асыға күтіп, үміттене тамашаладық. Тым құрығанда тәуір өнер көрсетер деп күттік.
Алғашқы голдың соғылуына себеп болған стандартты жағдайды «қайраттық» қорғаушы жасаған болатын. Ал екінші гол соғылған сәтте Айбол шабуылға шығып, қарсыластың айып алаңына жақын жерден доптан айырлыды да, қорғанысқа қайтып келе алмады. Онымен бірге шабуылды қолдауға аттанған Қуаныш Қалмұратов та кейін қалып қойды. Ал Айболдан допты тартып алып, біздің жарты алаңға дейін сұғынып кірген Дьяхаби отандасы Огюстенге оңтайлы пас берді. Осы кезде сол қапталдағы қорғаушы Қалмұратов пен сол жақта ойнаған орталық қорғаушы Әбікеннің позициясы ашық қалды. Шабуылға шығып келе жатқан Дьяхабиге қарайлай шегініп келе жатқан Сләмбековтың артқы жағында ашық қалған тұсты ешкім жауып үлгірмеді. Үшінші голдың соғылу барсы да осыған ұқсайды. Алдыңғы шепте шабуылшыларымыз доптан айырылған соң, жылдам қарымта шабуылға шыққан француздар тағы да біздің сол қапталдан саңылау тапты. Бұл жолы екінші голда орнын жоғалтқан қорғаушыларымыз жұмыла таласса да Жонатан Бамбаның жолын бөгей алмады. Бір қызығы, осы екі гол соғылған сәтте де орталық қорғаушы қызметіндегі Әбілғазы мен Мәжитов қорғанысқа мүлде көмектесе алмады. Олар екі сәтте де не үшін екені белгісіз қорғаныстың сол қапталына көмекке келуге асыққан жоқ.
Фото: Павел ЛАПТЕВ
Комментарии