Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 30-шы турында «Ақтөбе» «Шахтерді» тас-талқан етсе, «Ертіс» «Астанаға» жол берді, өзге де нәтижелерді назарларыңызға ұсынамыз.

«Ертіс»-«Астана» - 0:1(0:1)

Гол: Твумаси 15

Бірнеше күн бұрын «жалақымызды бермесеңдер алаңға шықпаймыз» деп ереуілге шыққан «Ертіс» ойыншыларының «Астанамен» ойнауға зауқы болмады. Нәтиже нақ соған дәлел. Елордалықтар ганалық легионері Патрик Твумаси соққан жалғыз голдың арқасында жеңіске жетті.

«Тараз»-«Тобыл» - 2:0 (1:0)

Голдар: Диакате пенальтиден 18 , Лечич 87

«Тараз» өз алаңда қостанайлық «Тобылды» қабылдады. Арно Пайперс жаттықтыратын ұжым екі гол соғып бұл кездесуде женіске жетті. 18-ші минутта Абдулай Диакате пенальтиден есепті ашты, матч аяқталарда екінші голды Мирослав Лечич Александр Петуховпен бірге-бір шығып нәтижені қорытындылады.

«Восток»-«Атырау» - 1:2 (0:2)

Голдар: Ньянг 86 - Пейкришвили 3, Нұрыбеков 25

Өскемендік «Восток» өз алаңында «Атырау» командасынан жеңілді. Қонақтар небәрі үшінші минутта гол соғып үлгерді, авторы - Георги Пейкришвили. 25-ші минутта Айбар Нұрыбеков жойқын соққымен есепті 2:0-ге жеткізді. Матч аяқталар тұста «Восток» ойыншысы Папа Ньянг бір гол қайтарып жалпы есепті түйіндеді.

«Ақтөбе»-«Шахтер» - 4:0 (1:0)

Голдар: Хайруллин 13, 83, Бадло 50, Кападзе 89

«Қобыланды Батыр» стадионында турдың орталық матчы өрбіді. Ең қызықты ойын былтырғы чемпион «Шахтер» мен «Ақтөбе» арасында өтті десек артық айтақынымыз емес.   Бірінші таймда Хайруллин есепті ашса, екінші таймның басында Бадло екінші голды соқты. Артынша Хайруллин дубльдың авторы атанса, ойын соңында Кападзе есепті қорытындылады.

«Ақжайық»-«Жетісу» - 0:0 (0:0)

Турнир кестесіндегі аутсайдерлер - «Ақжайық» пен «Жетісу» кездесуінде жеңімпаз анықталмады. Премьер-лигада жан сақтап қалу үшін қос үжым әлі де күресетін түрі бар.

«Қайрат»-«Ордабасы» - 0:0 (0:0)

«Орталық стадионда» «Қайрат» шымкенттік «Ордабасымен» тең түсті. Владимир Вайс жаттықтыратын ұжым бірнеше гол соғатын мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады. Жанкүйерлердің өкінішіне қарай кездесуде гол соғылмады. «Қайрат» үздік үштікке ілінуден дәмелі.