Қазанның жиырмасыншы жұлдызында Польшаның Вроцлав қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты басталады. Бұл байрақты бәсекеде ерлер мен әйелдер 15 салмақ дәрежесі бойынша жүлделі орындарға таласады.

Польшада ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдері белгілі болды. Ерлер – Арли Чонтей (56 келі), Тимур Хасаров (56 келі), Альберт Линдер (69 келі), Владимир Седов (94 келі), Алмас Өтешов (94 келі), Сергей Истомин (105 келі), Селимхан Әбубәкіров (+105 келі) және Ескендір Момынбеков (+105 келі).Әйелдер – Галина Момотова (48 келі), Маргарита Елисеева (53 келі), Сәуле Сәдуақасова (58 келі), Карина Горичева (63 келі), Жазира Жаппарқұл (69 келі), Анастасия Халықова (69 келі) және Мария Грабовецкая (+75 келі).

Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни “Айқын” газетіне берген сұхбатында бұл Әлем біріншілігіне Лондон Олимпиадасының чемпиондары – Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова отбасылық жағдайларына байланысты жарыстан шет қалғанын айтқан. Сондай-ақ, бас бапкер Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін Олимпиада чемпионты Илья Ильин шет мемлекетте білім алып жатқанын, қазір спортшының демалыста екенін алға тартқан.

«Біз бұл жарысқа аралас құрамды апаруды құп көрдік. Өздеріңізге белгілі, Сондай-ақ бірқатар тәжірибелі спортшылардың еш алаңсыз тынығуына мүмкіндік бердік. Өйткені келесі жылғы әлем чемпионаты Қа­зақстанда өтеді. Бұл – лицензиялық дода. Яғни 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанатын жазғы Олимпиада ойындарына кімдердің қатысатыны осы жарыс арқылы шешіледі. Сондықтан да барлық күшімізді Астанадағы әлем чемпионатына жұ­мылдыруды жөн көріп отырмыз. Бірақ Вроцлавқа біз жай серуендеп қайту үшін бара жатқан жоқпыз. Жанкүйерлер де ауыр атлеттердің жеңісіне көздері үйреніп қалған. Сол себепті де жарыс жолына шығатын жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтерілу үшін барынша күш салады, – дейді ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни.