Қазақстан ұлттық құрамасы 2014 жылғы әлем біріншілігіне жорығын аяқтады. Өздерінің соңғы ойындарында жерлестеріміз Дублинде Ирландиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Кездесуден кейін ұлттық құрамамыздың осы ойында капитаны болған Андрей Карповичпен сұхбаттасқан едік. 

- Андрей, сіздіңше жеңіске не жетпей қалды?

- Бірінші кезекте голдар жетпей қалды. Ал шынтуайтына келсек, Ирландия құрамасының шеберліктері байқалып тұрды. Өкінішке қарай, біз әлі ондай деңгейге жете қойған жоқпыз. Мұндай шеберлерге қарсы ойнау біз үшін өте қиын. Мұны осы ойын көрсетті...

- Бәлкім, бәріне кінәлі әлгі пенальти шығар?

- Әлбетте, қақпаңа пенальти белгілегені кімге ұнай қойсын?! Мұндай деңгейдегі командалар қателігіңді кешірмейді. Сондай-ақ, жекелей ойыншылардың да қателіктері болды, командалық қателіктерге де жол беріп қойдық. Егер Еуропада жетістіктерге жетемін десең мұндай өрескел қателіктерге бой алдырмау керек.

- Дегенмен, ирландиялықтар біздің командаға ойнауға мүмкіндік бергендей көрінді.

- Ирландия құрамасы өздері де ойнады, бізді де ойнатты. Бірақ олар уақыт өткен сайын қарқындарын күшейте берді де, біз керісінше, әлсірей бердік. Олардың жекелеген ойыншыларының шеберліктері өте жоғары. Қарсы тұру оңай емес.

- Ұзақ үзілістен кейін бірінші рет алаңға шығып отырсыз. Оның үстіне, капитан ретінде футболшыларды алаңға бастап шықтыңыз.

- Ұлттық құраманың намысын қорғау - әрқайсымыз үшін үлкен абырой. Бұл жай айтылған сөз емес, жүректен шығып жатыр. Әлбетте, біз де жанкүйерлерімізді жеңіспен қуантқымыз келеді. Бірақ, жасыратыны жоқ, бүгінде біздің ішкі біріншіліктің деңгейі соншалықты жоғары емес. Еуропа футболымен салыстырғанда өте төмен. Мұның барлығы "Кәртамыс құрлықтың" командаларымен кездескенде байқалады. Өзім ұлттық құраманың жейдесін көптен бері киген жоқпын. Сондықтан, осындай азулы құрамаларға қарсы ойнаудың қаншалықты қиын екенін тағы да есіме түсіргендей болдым.

- Сізді екінші таймның ортасында шарша қалғандықтан ауыстырып тастады ма?

- Иә, аздап шаршап қалдым. Допсыз көп жүгірдім. Тың еместігім көрініп тұрды. Оның үстіне, микрожарақаттарым да кесірін тигізді.

- Жалпы өз ойыныңызға көңіліңіз толды ма?

- Жоқ, тек алаңға шығып, аз да болса, өз пайдамды тигізе алғаныма ризамын. Әлбетте, жанкүйерлерімізді қуантқым келді. Ал өзімнің жеке жетістіктеріме ешқашан көңіл бөлген емеспін.

- Ойыннан кейін Мирослав Беранек командаға не айтты?

- Осы іріктеу додасында бірге болғаны үшін командаға рахметін айтты.

- Сонымен, кезекті іріктеу додасы да аяқталды. Ұлттық құрамаға сіздің берер бағаңыз қандай енді?

- Бірнәрсе айту қиын. Қазір барлығын сараптап, содан кейін ғана қорытынды шығару керек.

- Ал өзіңізше? Келесі іріктеу додасында ұлттық құрама намысын қорғай аласыз ба?

- Қызық сұрақ екен. Көреміз. Бұл жайлы ойланбаппын да. Алда әлі уақыт бар. Денсаулығыма байланысты.

- Ирландия - Қазақстан кездесуінде стадионнан қазақстандық жанкүйерлер аз болған жоқ.

- Бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерімізге өз алғысымды білдірем! Елден жырақта жақындарыңның қолдауын сезінгеннен артық бақыт жоқ шығар, сірә.

- Қалай ойлайсыз, осы ойында ұлттық құраманың әлеуетін толық байқай алдық па?

- Меніңше, егер біз жекелей немесе командалық қателіктерді жібермегенде, онда таблодағы көрсеткіш мүлдем басқаша болар еді. Тағы қайталап айтамын, егер біз Еуропада жетістіктерге жеткіміз келсе, мұндай қателіктерге бой алдырмауымыз қажет.