АҚШ-тың Орландо қаласында 12-14 наурыз аралығында Major Champions Invitational бірегей гольф турнирі өтті, деп хабарлайды «SPORTINFORM» сайты.

Турнирге мэйджорлардың бірнеше дүркін чемпиондары, танымал 18 гольфшы және Севе Баллестерос қоры демеушілік жасады. Жарыс идеясы мэйджорлардың алты мәрте жеңімпазы Ник Фалдоға тиесілі.

Қазақстандық гольфшы Дәулет Төлеубаевты турнирге аты аңызға айналған гольф шебері Джек Никлаус шақырған.

Турнир үш раундқа созылды. Төрт қатысушының ең үздік үш көрсеткіші есепке алынды. Нәтижесінде, Дәулет Төлеубаев қатысқан команда 12 ұпаймен екінші орынға табан тіреді. Бірінші орынды әлемдік рейтингіде көш бастап тұрған Дастин Джонсонның құрамасы алды. Олардың көрсеткіші - 19. Үшінші орынды Том Ватсонның командасы иеленді.