Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы алғаш рет еліміздегі футбол клубтарының бас бапкерлері мен спорт директорларының басын қосып, форум ұйымдастырды.

Дөңгелек үстел спорттық мәселелерді реттейтін, футбол мамандарының пікір алмасу алаңына айналды.

«Шахтер» футбол клубының бас бапкері Владимир Журавель форумға қатысты жеке пікірін білдірді:

- Футбол мамандарына арналған форумның пайдасы мен маңызы мол болды. Еліміздегі футболдың дамуына қатысты қосымша мәліметтер алдық. Қазақстан футбол федерациясы клубтармен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Олардың мәселелерін түсініп, көптеген сұрақтарды шешуге қолдау білдіруге тырысуда.

- Павел Черепанов таныстырған Қазақ футболының даму стратегиясына қандай баға бересіз?

- Павел Черепанов басқарған Қазақстан футбол федерациясының сараптамалық тобының идеясын толықтай қолдаймын.

- Осындай форумның жиі ұйымдастырылғаны дұрыс па?

- Әрине, форумдардың жиі ұйымдастырылғанын қалаймын. Федерация мен клуб жетекшілері ортақ шешімге келгені жөн. Алғашқы қадам жасалғаны маңызды. Өз кезегінде осындай басқосулар қатысушыларға пайда әкелетіні анық, - дейді Владимир Иванович Журавель.