Елімізге келген шетелдік қонақтар мен ұлттық құрамамыздың былғары қолғап шеберлері Алматыдағы «Астана» қонақүйіне орналасыпты. Қазақстанның бокстан бас бапкері Мырзағали Айтжановпен сұхбаттасу үшін кеше сол қонақүйге арнайы барғанбыз. Мырзағали ағадан бүгін басталғалы отырған әлем чемпионатына шәкірттерінің дайындығы мен жоспары туралы сұрадық. 

- Мырзағали аға, соңғы дайындық жұмыстары қалай жүргізілді? Өзге елдердің боксшыларын көргендегі әсеріңіз қандай болды?

- Иә, жұма күні қатысушы елдермен біріккен соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Бұл тек бізге ғана емес, басқа елдерге де пайдасын тигізіп отыр. Біздің елдің боксшылары шетелдіктердің тәжірибесі мен әдіс-тәсілдерін байқады. Қарсыластар осал емес. Әр елдің бетке ұстар қаймақтары жиналып отыр. Бүгін барлық әлем аренасында бақ сынайтын боксшылар таразыға түсті, содан кейін жеребе тасталып, рингке шығатын жұптар анықталды. Жалпы жеребе көңілімнен шықты. Дегенмен де барлығы өз жігіттерімізге байланысты.

- Сіз үшін бокста әлемді мойындатқан ең мықты ел кімдер?

- Куба. Біз кубалықтармен бұрын қолғап түйістіріп көрген жоқпыз. Сол себепті олармен рингте бокстасып көру біз үшін қызық болды.

- Сіз қаншама жылдан бері балаларды боксқа шыңдап келе жатқан ұстазсыз. Оқушы сөзсіз бапкерге қарап тәрбиеленеді. Қазақстан Чемпионатынан жолдама алғаннан бері он спортшыны психологиялық жағынан қалай дайындадыңыз? Негізгі ұстаным – жеңіс пе, денсаулық па?

- Орынды сауал. Біздің халқымызда адам бокспен айналысса, есінен ауысып, денсаулығына зиян тигізіп алады деген жаңсақ пікір бар. Қазақ бокстан қорқады. Бірақ мен үлгі ретінде Бақыт Сәрсекбаев, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиевтерді айтар едім. Серік Сәпиев 17 жыл ғұмырында қанша рет алаңға шығып, сынға түсіп көрді. Дені де сау, есі де орында, медалі де қолында. Аллаға шүкір! Денсаулық бірінші орында, дегенмен бірінші орынға біз жеңісті қоямыз. Қазақ өліспей беріспейтін халық. Соншама халық бізден үміт күтіп отырғаннан кейін, жеңісті қолдан бермеу керек деп ойлаймын.

- «Әлемдегі епті командалардың қатарынан көріну – біздің мақсатымыз» депсіз бір сұхбатыңызда. Қалай ойлайсыз, сол мақсатқа осы олимпиадада жетуіміз мүмкін бе? Болжамыңыз қандай?

- Жігіттердің әрқайсысын бөліп жармаймын. Бәрі де медаль алуға лайықты спортшылар. Дегенмен, бұл – спортшы тағдыры. Бақ пен бап бірге шапса, ұтыстың ауылы алыс болмайды деп ойлаймын. Қайткенмен де, «арық айтып, семіз шыққан» дұрыс қой. Қатысатын 10 спортшы 2 алтын алса деген ниет-тілегім бар, әрине, күміс те, қола да бұйырады деп сенемін. Кімнің чемпион болатыны рингте көрінеді. Үлкен рингте ойнап көрмеген жас спортшыларымыз да бар. Біз жылдар бойы үлкен еңбектің нәтижесінде бүкіл әлемге қазақ сияқты елдің де жеңіске жете алатынын дәлелдеп келеміз. Әлдеқашан бокс мектебінің қалыптасқанын мойындаттық. Құдайға шүкір, әлемдік деңгейде біз үшінші, төртінші орында тұрмыз. Соңғы төрт жылда біздің боксшылардың епті екендігі айқын көрінді. Елбасынан бастап, Қазақстан Бокс Федерациясы ерекше көңіл бөліп, бокс саласын дамытып жатқандығын мақтанышпен айтуға болады. Тимур Құлыбаевтың бастамасымен көтерілген ең үлкен бүкіләлемдік Бокс Академиясы бізде ғана бар. Қазақстанның түкпір-түкпірінде бокс залдары бар және олар әлемдік стандартты жабдықтармен жабдықталған. Келешекте қазақстандық боксшылар әлемдік додада тек қана бірінші сатыдан көрінеді деген ойдамын.

- «Спортты дамыту үшін ұлттық тәрбие маңызды» деген пікіріңізді естігенім бар… Осы ойыңызды тарқатып айтып бере аласыз ба?

- Ең үлкен жеңіс жақсы тәрбиемен келеді. Жақсы тәрбие ананың тілі арқылы беріледі. Жайшылықта байқай бермейміз, қазақша амандасып, бокста қазақ тілінде кеңес берудің өзі рухани күш-жігер береді. Ұлттық құрама әрбір дайындықты Әнұранмен бастайды. Басқа спортшыларымыз Ұлттық құрамадан үлгі алуы тиіс.

- Сіз ерекше үміт күтетін оқушыңыз кім? Ұлттық Құрамадағы былғары қолғап шеберлеріне жеке-жеке тоқталсаңыз…

- Ерекше үміт күтетін спорт шебері – Серік Сәпиевтің орнын басқан команда капитаны Данияр Елеусінов. Ол шаршы алаңда 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетпек, өте алғыр, қайратты, айлалы боксшы. 69 келіні қазақ салмағы деп есептеп жүрміз. Өйткені бұған дейінгі әлемдік додаларда боксшылар осы салмақта алтын алып келді. Ел ерекше сенім артып отырған боксшымыз – Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов. Лондонда қола жүлде алған ауыр салмақтағы Иван Дычконың күшіне де сеніп отырмыз. Одан бөлек құраманың тәжірибелі боксшылары – Мерей Ақшалов, Біржан Жақыпов бар. Аты шықпай жүрсе де, үлкен шаршы алаңда топ жарғалы тұрған жастар да бар. Ал Ұлттық Құрамадағы ең жас спортшы – 75 келі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы.

- Бокс спортына мемлекет тарапынан жеткілікті түрде қаржы бөлініп жатыр ма?

- Қаражат жеткілікті түрде бөлініп жатыр. Өсемін деген балаға жағдай жасалған. Қазақстан өткен жылы олимпиададан 12-орынды иеленді. Көптеген мықты дамыған елдер артта қалып кетті. Басқа елдерге қарағанда біздің ел әлдеқайда бокстан алда келе жатыр. Президенттен бастап қолдау тауып отырғаны бағымыз десе де болады.

- Ұлдарыңыз да әкесінің жолын қуып келеді екен…

- Үш ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым – 16-да, бокспен айналысып жүр. Өзім бапкер бола тұра, балама уақытым жоқ. Өкінішке қарай, оның қалай дайындалып жатқанын білмеймін. Жеке шәкірттерім бар, Ұлттық Құраманы басқарып отырғаннан кейін, үйде өте аз боламын. Оған себеп, мен әлі Алматыға көшіп келген жоқпын. Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабастау ауылының тұрғынымыз. Екінші ұлым грек-рим күресімен айналысады. Ал үшінші ұлым биыл 12-де, дзюдоға барды. Қызымды 8 жасар қызымды жеңіл атлетикаға бердім. Олардың қандай деңгейде спортшы болатынын уақыт көрсетеді. Біз отбасымызбен бірге спортты сүйеміз. Мен балаларымнан зор үміт күтемін.