ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен Павлодар қаласындағы «Ертіс» спорт кешенінде өткен VII қысқы Универсиада аясында ерлер мен әйелдердің қысқы спорттық бағдарлаудан жарыс жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды prosports.kz сайтының тілшісі.

Сайысқа еліміздің ЖОО-нан 14 команда сапында ерлер мен әйелдерден 90 спортшы Универсиада медальдарын сарапқа салды. Байрақты бәсекеде орта қашықтықта, эстафета мен спринттық жарыстарда студенттер өзара мықтыны анықтады.

Орта қашықтықта өткен дүбірлі дода аясында ерлер арасында спорттық бағдарлаудан С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенті Александр Мирошниченко универсиада чемпион атанса, екінші және үшінші орынды Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті спортшылары Виталий Лукачевич пен Саби Бекарыс иеленді. Ал, әйелдер арасында өткен бұл жарыста С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті студенті Анастасия Очнева алдына жан салмады. Екінші орынды Қайнар университетінің спортшысы Махаббат Амрин алды. Қола жүлдені - Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясы студенті Марина Гришаева иеленді.

Естеріңізге сала кетейік, ертең яғни 11 наурызда 11 күнге созылған ҚР VII қысқы Универсиадасы өз мәресіне жетеді.Мәди Мұхамедқали, Павлодардан