Жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінің екі дүркін жүлдегері, қазақстандық балуан Азамат Дәулетбеков Prosports.kz тілшісіне Бішкекте өткен құрлық сайысы мен 2017 жылы әлемнің үздік балуаны атанған Хасан Язданиге қарсы кездесу жайлы айтып берді.

86 келіде белдесетін балуанымыз көрші Қырғызстан елінде өткен Азия чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған болатын.

- Азамат, Азия чемпионатының қола жүлдегері атандыңыз. Әлемнің үздік балуаны болған Хасан Язданиге қарсы екінші рет бозкілемге шықтыңыз. Иранның үздік балуанын ұтуға бола ма?

- Иә, әрине. Хасан Язданиді ұтуға болады. Ол да адам баласы ғой. Осы жолы күрестік, қате-кемшіліктерімізді байқадық. Енді оған қарсы қалай күресетінімді, қандай тактика қолданатынымды бапкерлермен ақылдаса отырып шешеміз. Ұтудың жолын табамыз. Оның да осал тұстары бар. Тағы да айта кететіні, ол 2011 жылы Түркияда өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыста біздің балуан – Қайрат Әміртаевтан жеңіліп қалған.

- Жеребе бойынша Язданиге түскенде қандай сезімде болдыңыз? Бозкілемге қандай мақсавтпен шықтыңыз?

- Азия біріншілігіне барар алдында Қажымұрат бапкерім «Қазірден бастап әлемнің мықты балуандарымен күресіп шыңдалғаның дұрыс. Язданидің осал тұстарын табу үшін жеребе бойынша оған түскеніміз жақсы болады» деп айтқан болатын. Осы сөздер маған жігер берді. Кездесу алдындағы жаттығуда Азия күрес кеңесінің (UWW Asia) президенті, еліміздің даңқты балуаны Дәулет Тұрлыханов ағамыз да келіп, хал-жағдайымды біліп қайтты. Ирандық балуан азулы қарсылас болса да белдесуге оны жеңемін деп шықтым. Меніңше, кілемге шыққан кез келген балуан алдына ұтамын деген мақсат қояды.

- Қазақстан құрамасында Маирбек Юсупов пен Қажымұрат Гацалов сынды бірден екі білікті маман қызмет етіп жатыр. Олардың жаттығуында, айла-тәсілдерінде айырмашылық бар ма?

- Олар өз жұмысын бес саусағындай білетін білікті мамандар. Жаттығу кезінде бар білгендерін үйретеді. Маирбек Юсуповтың тәжірибесі мол. Ол Ресейде, Моңғолияда, Кореяда бапкерлік қызмет еткен. Ал Қажымұрат Гацаловқа келетін болсақ, ол жақында ғана жаттықтырушы қызметіне ауысты. Бұған дейін бозкілемде белдескен. Осы тәжірибесінің арқасында бізге көп ақылдарын айтады. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда өзі кілемге шығып, бізбен белдеседі. Қажымұратпен тіл табысу өте жеңіл. Психологиялық тұрғыда жақсы қолдау көрсетеді. Ол екі маманның жұмысына Бішкек төрінде өткен Азия чемпионатының нәтижесі де дәлел. Жалпы Маирбек Юсупов пен Қажымұрат Гацаловтың еліміздің еркін күресіне берері көп және біз де ол бапкерлерден әлі де еркін күрестің қыр-сырын үйренуіміз қажет.

- Біздің білуімізше Қажымұрат Гацалов жұмыс атқарып жатқан академияда жастардан бөлек ұлттық құрама мүшелері де жаттығады. Ол академияны еркін күрес орталығы деуге болады ма?

- «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы», Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының ұйытқы болуымен ашылған бұл еркін күрес академиясында жастардан бөлек Азия чемпионатында топ жарған Нұрислам Санаев пен Дәулет Ниязбеков жаттығады. Сонымен қатар, сол құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Данияр Қайсанов та бар. Бұл жігіттер жаттығуын сол академияда өткізеді. Қазақстандағы жігерлі әрі талантты жас балуандардың барлығы осында жиналған. Мұнда ең алдымен тәртіпке назар аударады.Балуандар күнде сағат 23:00-де ұялы телефондарын өткізеді. Спортшыға керекті денсаулық десек, алдымен олар жақсылап тынығу қажет. Бұл академияның негізгі қағидасы. Тәртіпсіз нәтиже болмайды. Әр балуанның өзіндік қойын дәптері бар. Жаттығуларын жазып жүреді. Кемшіліктері де осы дәптердің ішінде. Бапкерлер де осылай жұмыс жасайды. Кейде біз бір-екі аптаға шетелге оқу-жиынға кетіп, қайтып келгенде жас балуандардың жарты айдың ішінде деңгейлерінің өскенін байқап жатамыз. Айта кететін жайт, бұл академияда Қажымұрат Гацаловтан бөлек Эдуард Базров, Руслан Умралиев сынды білікті бапкерлер де жұмыс жасайды. Елімізде еркін күрестің дамып, жаңа деңгейге көтерілуіне үлкен үлес қосқан, осындай тамаша орталықтың ашылуына себепші болған ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрешілер корпусы және бапкерлер штабының жұмысы жөніндегі вице-президенті Ерлан Сәдуақасұлы Қожасбай мырзаға алғысым шексіз. Сол себепті бұл академияны еліміздің еркін күрес орталығы деуге толық негіз бар.