Бокстан Әлем чемпионатының басталуына да санаулы күн қалды. Барлық құрама қызу дайындыққа кіріскен. Үкілі үмітпен. Әсіресе, Италия, Куба боксшыларынан тегеурінді қауіп күтуге болады. Құрама сапына кіл мықтылар енген. Қауіпті қарсыластарымыздың бірі 81 келідегі әлем чемпионы Хулио де Ла Круз Пераза дер едік. Әділбек Низямбетовтың басты қарсыласы осы кубалық боксшы болмақ. Екеуі бірнеше рет кездесіп, таразы басы алма кезек ауысып жүргенін білеміз.  

Әлеуетті боксшымен әлем чемпионатына дайындығы, ой-жоспарлары жөнінде аз-кем әңгімелескен едік. Әлемдік сайыстағы басты қарсыласы Әділбек Ниязымбетов екендігін айтып берді.

– Алматыға аман-есен жеттік. Қазір «Астана» қонақ үйінде тұрып жатырмыз. Дайындық ойдағыдай өтті. Басты қарсыласым - ол Әділбек Ниязымбетов. Әрине, бас жүлдені оңайлықпен бере қоймаспын.  

– Куба бапкерлерінің әлем чемпионаты алдындағы жоспары қандай? 

– Біз жоспар жасаған жоқпыз. Әрине, мүмкіндігінше жоғары жетістікке ұмтыламыз. Басты мақсатымыз сол.  

– Олимпиада чемпионы Рониэл Иглесиас Сотолонго құрамаға ілінбепті. 

– Өкінішті-ақ. Ол жақында шаңырақ құрған. Қазір бал айын өткізіп жатыр. 

– Қазақстан құрамасының әлеуетін қалай бағамдайсың? 

– Қазақ боксшыларының осалы жоқ. Бәрінен де қауіп күтуге болады. Қарсыласым Ниязымбетов өте қарымды боксшы. Жарыс қожайындары ретінде көп жүлде алуға тамаша мүмкіндіктеріңіз бар.  

– Куба боксшылары Лондон олимпиадасында 2 бағалы жүлде иемденді. Бұл нәтиже сені қанағаттандыра ма? 

– Жақсы көрсеткіш. Қазір бүкіл әлемде бокс қарқынды дамып жатыр емес пе? Ширек финалда бразилиялық Ямагучи Фалькаодан ұтылған жоқпын. Кінәні төрешілерден көремін.  

– Әңгімеңе рахмет! Сәттілік тілеймін!