«Ақтөбе» футболшылары бүгін қаладағы клиникалардың бірінде медициналық тексерістен өтті, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.

7 наурыз күні, 10:00-де футболшылар әдеттегідей денсаулық тексеруге қатысты. Қан тапсыру, физикалық жаттығу, хирургтің қабылдауы, ЭКГ, УДЗ, офтальмолог және басқа да мамандар ойыншылардың денсаулықтарын тексерді.

Жергілікті ойыншылар медициналық қаралымнан бұған дейін өтіп қойған болатын.

«Ақ-қызылдар» дәрігерлердің қаралымынан шыққан соң «Қайсармен» болатын ел біріншілігінің алғашқы турына дайындықты бастап кетпек.

Естеріңізге сала кетейік, «Ақтөбе» 11 наурыз күні Қызылорда қаласында «Қайсармен» күш сынасады. Ойын Ақтөбе уақыты бойынша 14:00-де басталады.