Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы (ҚКФЛ) Қазақстандағы футбол клубтарының бас бапкерлері мен спорт директорларының қатысуымен алғаш рет форум ұйымдастырды.

Шара Қазақстан футбол федерациясының Бірінші вице-президенті - Бас хатшы Азамат Айтқожин және Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының Президенті Олжас Абраевтың төрағалығымен өтті.

Форумда баяндама жасап, сөз сөйлегендердің арасында Қазақстан футбол федерациясының Құрама командалар департаментің өкілдері бар. Олардың қатарында директор Ғани Қайназаров, Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов, Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфинов, сараптамалық топтың жетекшісі Павел Черепанов бірқатар маңызды тақырыптарды көтерді.

Станимир Стоилов еліміздің бас командасының оқу-жаттығу жиыны мен ресми матчтарына клубтар мен футболшылардың жауапкершілікпен қарауы маңызды екенін атап өтті. Бас бапкер Федерация мен клубтардың ортақ жұмысының арқасында алдағы уақытта Қазақстан құрамасының табысқа жететініне баса мән берді.

Қазақстан футбол федерациясының сараптамалық тобының жетекшісі Павел Черепанов форумға жиналған қатысушыларға жақында ғана оқу-жаттығу жиыны аяқталған жастар құрамасының ойыншыларын үлгі етіп, футболшылардың дайындығы жөнінде мәлімет жинау жүйесін көрсетті. Сондай-ақ, ресми кездесулерге жоғары деңгейде дайындалу үшін қандай көрсеткіштер маңызды екеніне тоқталды.

Сараптамалық топтың жұмысына жоғары баға берген Талғат Байсуфинов Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынында жүргізілген зерттеу жұмыстарының маңыздылығы мен нақтылығына назар аударды. Соңғы оқу-жаттығу жиынында жүзеге асырылған міндеттердің бірі – жастар құрамында дайындықтан өткен футболшылардың функционалды даярлығын сақтау. Сонымен қатар, ол Павел Черепанов әзірлеген бағдарламаның ҚФФ құрама командаларына жақсы нәтижеге жетуге міндетті түрде көмектеседі деп көзқарасын білдірді.

Форумды қорытыныдылай келе, футбол мамандары ҚФФ мен ҚКФЛ-ның форумды тұрақты өткізу жөнінде бастамасын қолдай отырып, футбол төңірегіндегі сұрақтарды бірге талқылауды әрі қарай жалғастыру жөнінде келісімге келді. Алдағы уақытта кәсіпқой клубтар арасындағы турнирлердің ережелері мен жарыс күнтізбелері ортақ талқыға түспек.

www.kff.kz