«Қайрат» командасының тәжірибелі қақпашысы Владимир Плотников алматылықтардың Түркия жеріндегі дайындығы туралы тақырып қозғап, суперкубоқтық ойындардың басқа кездесулерден айырмашылығы туралы айтып берді.
- Владимир, «Қайраттың» жаңа маусымға даярлығы қалай өтті?
- Барлығы да ойдағыдай болды. Берілген тапсырмалар мен жұмысты оңай орындадық. Ең бастысы командадағы ойыншылар жарақаттанбады. Маусымаралық дайындық кезінде бұл мәселе өте маңызды.
- Былтырғы маусымға қарағанда команданың ойын өрнегі өзгерді ме?
- Күрделі өзгерістер жоқ – бапкер де, талаптар да бұрынғыша. Барлығы дәстүрлі түрде болады. «Қайрат» әрдайым «бірінші нөмір» болып ойнады, болашақ маусымда да дәл осы қағидаға сүйенеміз. Допқа иелік ету арқасында жанкүйерлерге жағымды футбол көрсетеміз. Ең бастысы ойын өрнегі бізге ұпайлар алып келуі тиіс.
- «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесу Қазақстан Суперкубогының тарихындағы төртінші ойын болмақ. Бұл матчтан не күтесіз?
- Соңғы үш кездесу көрсеткендей, командалар сақ ойнайды, себебі бұл текетірес маусымның басында болады. Суперкубоктық кездесулерде әркез де голдар саны аз болады, тіпті кей жағдайларда ойыннан кейінгі пенальти сериясына дейін барады. Менің ойымша, бұл ойын өткен кездесулерге ұқсас болады. Ашық ойын болмайтыны анық.
- «Астананың» маусымаралық жолдастық кездесулерін қарадыңыз ба?
- Жолдастық кездесулерге назар аудармадым, бірақ ресми матчтарды бәріміз қарадық. Мысалы, португалиялық «Спортингке» қарсы ойындарды. Шындығына келетін болсақ, аталған текетірестерде біздің жігіттерге болыстық, себебі «Астана» халықаралық аренаға еліміздің атынан шықты.
- Қос команда сапынан тамаша ойыншалар кетті – Джуниор Кабананга мен Жерар Гоу. Бұл ойыншылардың кетуімен ұжымдардың нәтижелігі төмендейді деп ойлайсыз ба?
- Олар өздерін шеберлер және көшбасшылар ретінде көрсеткен ойыншылар, сол себепті бұл шабуылшыларды жоғалту өкінішті. Джерри (Гоу) адамгершілігі мол, жақсы ойыншы. Бір жағынан командаға жаңа адамдар қосылды.
- Маусымның алғашқы кездесуінде «Қайрат» елордалық ұжымды жеңе ала ма?
- Бұл сұраққа жауап беру қиын. Қазіргі уақытта «Қайрат» пен «Астана» - тең қарсыластар. Кездесу қызықты болмақ. Қателіктерге жол бермеген команда жеңіске жетеді деп ойлаймын.