Көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Роза Абитова Prosports.kz тілшісімен болған сұхбат барысында Эстонияда өткен турнир жайлы және осы жылға жоспары туралы айтып берді.

- Эстониядағы турнирдегі өнеріңіз жайлы айтып берсеңіз?

- Мен көпсайыста бірінші болдым. Сондай-ақ өзге төрт сайысты да финалға шығып жүлделі орыннан көріндім. Аздаған кемшіліктерді ескермегенде өзімнің өнеріме көңілім толды.

- Бапкеріңіз не деді?

- Менің жеке бапкерім Лола Адилбекова мақтағанымен әлі де көп жұмыс жасау керектігін айтты.

-Ұлттық құраманың бас бапкері Әлия Мақсұтқызы сізді жасөспірімдер Олимпиадасына қатысуға басты үміткер деп атады. Қобалжу мен жауапкершілік бар ма?

- Әрине, мен үлкен жауапкершілікті сезінемін. Қобалжу кедергі болмас үшін әлі де көп жұмыс жасаймын. Жолдама Куала-Лумпурда (Малайзия) өтетін Азия чемпионатында таратылады. Жолдама алу үшін көпсайыс қортындысында үздік үштікке ілінуім керек.

- Көркем гимнастикамен айналысқаныңызға қанша болды?

- 8 жыл. Алғаш рет жаттығу залына 7 жасымда келдім. Ата-анам алып келген болатын.