Елордалық «Астана» қақпашысы Ненад Эрич суперкубоктық кездесуге ойыншылық мансабында бесінші рет қатыспақ. Тәжірибелі қақпашы Қазақстан кәсіпқой футбол лигасына берген сұхбатында елордалық ұжымның маусым алдындағы дайынды туралы айтып берді және өтпелі тұрған суперкубоктық текетірестен не күтетіні туралы бөлісті.

- Маусымаралық даярлық қалай өтті?

- Дайындық үш кезеңнен тұрды деп айтуға болады. Бірінші екі жиын Дубайда болды. Бірінші ОЖЖ ойыншылардың физикалық жағдайын жақсартуға бағытталды, соған қарамастан команда 7 жолдастық кездесу өткізді. Қосымша «Спортингке» қарсы екі ойын аралығында біздер бір апта Португалияда жаттығу жасадық. Бұл жиын біріншіден Еуропа Лигасының 1/16 финалына дайындық болды, екіншіден команда бұл жаңа маусымға даярлық екенін түсінді, сол себепті жігіттер күрделі жұмыс атқарды.

- «Астана» ақпан айының ортасында УЕФА Еуропа Лигасының 1/16 финалында «Спортингке» қарсы ойнайтын болғандықтан, бапкерлерге команданың дайындығын тездетуге тура келді. Сол себепті, сіздің ұжым қарсыласқа қарағанда суперкубоктық ойынға жоғары дайындықпен келеді деген пікірмен келісесіз бе?

- Менің ойымша, олай айту дұрыс емес, себебі «Қайрат» алдымен Алматыда, содан соң Түркияда жұмыс жасап, жолдастық кездесулер өткізіп, маусымға әзерленді. Әрине, біз екі ресми кездесу өткіздік, бірақ бұл ұжымдардың даярлығында үлкен айырмашылықтың дәлелі емес.

- «Қайрат» ФК баспасөз-қызметі Түркияда өткен жолдастық кездесулерден тікелей эфир жүргізді. Бұл ойындарды тамашалауға мүмкіндік болды ма? Жалпы алматылықтардың дайындығына назар аудардыңыз ба?

- Әрине, «Қайрат» жаңа маусымдағы біздің басты бәсекелесіміз, сондықтан алматылықтардың ОЖЖ-ғы нәтижелеріне зер салдық. Бірақ бірінші кезекте біздер өз командамыздың дайындығына үміт артамыз.

- Қыста біздің чемпионаттан Гоу және Кабананга секілді екі үздік сұрмерген кетті. Аталған шеберлердің жоқтығы «Астана» мен «Қайраттың» ойынына әсерін тигізе ме?

- Әрине, Гоу да, Кабананга да Премьер-лига ойындарында өзінің шеберлігін дәлелдеді. Джуниор өз деңгейін Чемпиондар Лигасының және Еуропа Лигасының текетірестерінде көрсете алды, бұл ойындарда ол команданың көшбасшысы болды. Бірақ қос команда, ойыншыларының тізіміне қарамастан, жанкүйерлерді әрі қарай қуантады деген сенімдемін.

- Бұл кезге дейін «Астана» мен «Қайрат» арасындағы суперкубоктық кездесулер қызу болды. Алматылық ұжымға қарсы болғалы тұрған матчтан қандай нәтиже күтесіз?

- «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесулер – қос ұжым жанкүйерлері асыға күтетін ойындар. Жарысқа, кестедегі орынға және командалардың дайындығына қарамастан, «қос астана дербиі» - әрдайым шиеленіске толы, қызықты өтетін текетірестер. Алдағы шайқас жанкүйерлердің көңілінен шығады және қызықты өтеді деген үміттемін.