Қазақ футболы көктемді үлкен жаңалықтармен күтіп алды. Алдымен Станимир Стоилов Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін өз қолына алып футболсүйер қауымның төбесін көкке жеткізді. Сонымен қатар болгариялық бапкердің енді «Астананы» баптамайтыны да белгілі болды.

Стоиловтың бас командамызға келгеніне қуансақ, бас қаламыздың командасынан кеткеніне жабығып қалғанымыз да рас. Еуропада ел намысын жоғары деңгейде қорғап жүрген жалғыз командамыздың күйі не болатыны аздап алаңдатады жанкүйер жұртшылықты.Астанада осындай жаңалықтар орын алып жатқанда, оңтүстік астанамызда да футбол тойы басталды. Көктемінің алғашқы күні «Қайрат» футбол клубы команданың жаңа маусымға арналған таныстырылымын өткізді. Алматылық команданың ардагерлері бастап, жанкүйерлері қостап клубтың спорттық базасына жиналған қауымның қарасы аз болған жоқ. Ардагерлеріне алғысын айтып, жанкүйерлерімен жылы жүздескен команда мүшелері жаңа маусымға жақсы дайындалып жатқандарын жеткізді.Ал БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз жиынына команданың бас бапкері Карлос Феррер бастаған бірқанша футболшылар қатысты. Тілшілердің сұрақтарына жауап берген жаттықтырушы мен ойыншылар алдағы маусымға үлкен мақсат қойып отырғандарын жасырған жоқ.Бірінші болып сөз алған испаниялық маман командасының басты мақсаты Қазақстан чемпионатында топ жару екенін айтты.— Бапкерлер құрамы және футболшылар атынан алдағы маусымда барымызды салып өнер көрсетуге уәде беремін. «Қайрат» сынды үлкен команданың ұзақ жылдар бойы Премьер лигада чемпион бола алмауы орынсыз жағдай. Сол үшін біз биыл ел біріншілігінде топ жаруды басты мақсат етіп отырмыз. Бұдан бөлек біздің алдымызда Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу жоспары да бар. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін тынбай еңбектенетін боламыз,- деді Карлос мырза.Бапкерден кейін сөз алған команданың жаңа ойыншылары Уго Сильвейра мен Гай Ассулин «Қайратқа» келгендеріне қуанатындарын айтып, командаға көмектесуге дайын екендерін жеткізді.Кездесудің соңына қарай футболшылар бас бапкердің бастауымен жасыл алаңда жаттығу барыстарын көрсетті. Жанкүйрелер сүйікті командасының ашық жаттығуын көріп, ойыншылардың шеберліктерімін жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

Фото:«Қайрат» клубының ресми сайты