Жеңіл атлетикадан Олимпиаданың сегіз дүркін чемпионы Усэйн Болт өзінің Twitter парақшасында футболдағы алғашқы кездесуін қашан өткізетінін жазды, деп хабарлайды prosports.kz сайты.Атақты желаяқтың айтуынша, ол алғашқы кездесуін өзінің сүйікті командасы «Манчестер Юнайтедтің» алаңы «Олд Траффордта» өткізуі мүмкін екен.Болт 10 маусым күні Soccer Aid атты қайырымдылық қоры ұйымдастыратын футбол жарысына қатыспақшы. Ол кездесуде Усэйн бастаған Әлем жұлдыздары командасы англиялық атақты әнші Робби Уильямс бастаған Англия құрамасымен күш сынасатын болады.Аталған қайырымдылық шарасы әр екі жылда бір рет өткізіліп тұрады. Бұл шараға осыдан бұрын Марадона, Роналдиньо сынды атақты футболшылар қатысқан болатын.Естеріңізде болса, кеше Усэйн Болттың Оңтүстік Африка Республикасының командасы «Мамелоди Сандаунзбен» кәсіби келісімшартқа отырғаны хабарланған болатын.