Футболдан әйелдер арасындағы УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/16 финалдық кездесуінде СШВСМ «Қайрат» 2007 жылғы УЕФА кубогының жеңімпазы - лондондық «Арсеналдан» ұтылды.

«Орталық стадиондағы» матч баяу басталды. Қос ұжым да орта шепте көп ойнады. Алматылық клубтың құрамында Махли Сарикова өзінің белсенділігімен бірден көзге түсті, Қонақтардың сол қанаты ширақ болды.

«Арсенал» ойыншысы Эмма Митчел жойқын айып соққысымен есепті ашты. Ұлыбританиядан келген жанкүйерлердің қолдауымен ағылшындық команда алға жылжи жөнелді. Бірінші таймның аяқталар тұсында Ким Литтл екінші голды соқса, артынша Джордан Джобс сол қанаттан асырылған пасқа бірінші болып жетті. Бірінші тайм 0:3 есебімен аяқталды.

Үзілістен кейін «Арсенал» ойыншылары белсендіктерін арттыра бастады. 53-ші минутта Кэти Чапман төртінші голды өз атына жазса, екі минут өткенде Рэйчел Янки лондонық клубтың бесінші голын соқты.

Бес гол соғып еркіндікті сезінген қонақтар басымдықты беріп қойды. Алматылық Мария Яловаданың пасынан Ольга Анисковцева бір гол соқты. Ялованың тағы бірнеше соққысын қақпашы қайтарды.

Алайда тәжирибелі лондондық клубтың ойыншылары матч бітерде тағы екі гол соғып үлгерді. Литтл дубльдың авторы атанса, алаңға тыңнан шыққан Фрида Айси есепті қорытындылады – 1:7.

СШВСМ «Қайрат» (Алматы) – «Арсенал» (Лондон) 1:7 (0:3)

ГолдарАнисковцева 62 – Литтл 33, Картер 45, Ноббс 45+1, Чапман 53, Янки 55, Литтл 75, Айси 89

СШВСМ «Қайрат»: Железняк, Шпак, Бабшук, Анисковцева, Красюкова, Волкова, М. Ялова, Эстель, Сарикова (Бирваген, 60), Иванова, Әлімқұлова (Мамедова, 76).

«Арсенал»: Берн, Хьютон, Флахерти, Ноббс (Уэйр, 76), Уайт (Айси, 86), Янки, Картер (Дэвисон, 46), Литтл, Чапман, Митчелл, Скотт.