AIBA-ның ресми сайты Талғарда әлемдік бокс академиясы қашан ашылатынын хабарлады.

Академия құрылысы 2011 жылы Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының президенті Чинг Куо Вудың бастамасымен қолға алынған еді. 

«AIBA-ның өтінішін қабылдаған Қазақстан бокс федерациясы академияның құрылысын жылдам аяқтау үшін бар күшін салды. 2011 жылдың төртінші тоқсанында басталған ғимараттың құрылысы көптеген адамдардың айлар бойына жасаған еңбегінің арқасында аяқталды. Енді академия 2014 жылы толықтай іске қосылады» – деді  Чинг Куо Ву.

Спорт кешені ішінде 10 жаттығу алаңы, 25 метрлік хауыз, әкімшілік ғимарат, 168 орынды қонақүй, 104 адамға арналған дәмхана, 180 адамдық асхана, жүгіру жолағы мен футбол алаңы, 21 көлік сиятын көлік тұрағы бар. Академияның аумағы – 20 мың шаршы метр. Ресми ашылу салтанаты 24 қазан күні болады.