Бүгін павлодарлық клуб Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары аясында ресейлік «Томь» ФК қарсы кездесу өткізеді, деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметі.

Бір қызығы, аталмыш клуб «Ертіс» сияқты қала бойында орналасқан өзеннің құрметіне қойылған.

Томск қаласының намысын қорғайтын команда 1957 жылы құрылған. Сол кезде клуб «Буревестник» деген атаумен белгілі болған. Құрама сібір чемпиондары атанып, КСРО чемпионатының «Б» санатында өнер көрсеткен.

1988 жылы команданың есімі «Томь» деп ауыстырылады. 90-шы жылдары клуб қарқын қосып, жаңа белестерді бағындыра бастайды. 1997 жылы команда «Восток» атты екінші дивизионды жеңіп, бірінші дивизионға жолдама алады. Сібір футболының көшбасшылары Ресейдің басты чемпионатында өнер көрсету мүмкіндігіне тек 2005 жылы ғана ие болады. Бұл ретте премьер-лигадағы үздік нәтижелерге 2006 және 2010 жылдары қол жеткізеді. Команда біріншілік қорытындысы бойынша 8 орынға тұрақтайды. Сонымен қатар «Томь» 2007/2008 маусымында ел кубогының жартылай финалына дейін жетеді.

Қазіргі таңда Томск қаласының командасы футболдан ұлттық лигаларында өнер көрсетуде. Ресейдегі екінші санаттағы чемпионатта клуб 24 ұпаймен, 17-ші орында келе жатыр.

Кездесу Астана уақыты бойынша сағат 20:30-да бастау алады.