Қарағандылық «Шахтер» елордамыз Астанада Еуропа Лигасының топтық кезеңі аясындағы екінші кездесуін өткізеді. Қарсыласымыз хайфалық «Маккаби» командасы. Кездесу алдында «ПРОСТПОРТ Қазақстан» тілшісі командалардың ішкі жағдайын зерттеп көрді.

Еуропа Лигасының топтық кезеңінде «Шахтер» командасы бір кездесу өткізгенін білеміз. Салоники қаласындағы текетірес «ПАОК»-тың пайдасына шешілеген. Ойынның соңғы минутында жерлестеріміз гол жіберіп алған еді. Бәрін айт та, бірін айт, кездесу барысында кеншілер қорғаушысы Андрей Порываевтың алаңнан қуылғаны көңілге қаяу мен мұң түсірді. Ол ол ма, Никола Василевичтің жарақаты әлі де толық жазылған жоқ керек десеңіс. Демек, алдағы кездесуде «Шахтердің» бас бапкері Виктор Кумыковқа қорғанысқа кім шығады деп бас ауыртатыны сөзсіз. Бірақ, «Астана-Арена» стадионында өтетін кездесуде жаттықтырушы бес қорғаушы үлгісімен ойнауы керек. Жоғарыдағы екі қорғаушының орнына бейсенбі күні біз Евгений Тарасовты көріп қалуымыз бек мүмкін.

Ал, қарсыластар сапында жарақат алған ойыншылар жоқ. Негізгі құрамның барлық дерлік ойыншылары қатарда. Осы жайттарды ескере отырып, біздің ойымызша алдағы кездесуге командалар мынадай құраммен шығуы мүмкін:

"Шахтер": Мокин, Тарасов, Джидич, Василевич, Малый, Симчевич, Вичюс, Каньяс, Финонченко, Казарян, Хижниченко "Маккаби": Шаранов, Шейманн, Кейнан, Цоцалич, Мешумар, Бокколи, Эзра, Райо, Тургеман, Абихазира, Ндлову.

«Қазақстанға келгенімізге өте қуаныштымыз. Бізді мұнда өте жылы қабылдады. Сол үшінде алғысымды айтқым келеді. Ал, кездесу туралы әңгіме қозғайтын болсақ, қарағандылық команда ортаңқол ұжымдардың бірі. Бұл команданың басты қаруы айып соққылары мен бұрыштамалар. Сондықтан мен өз қорғаушыларыма екінші қабатта мұқият болуды қатаң ескерттім. Қарсыластың ішкі біріншіліктегі жағдайын да қарап шықтым. Бүгінгі таңда «Шахтер» кестенің төртінші сатысында тұр екен. Бұл дегеніміз команда бар күшін Еуропа Лигасына сақтап отыр деген сөз. Дегенмен, доп - домалақ дейді ғой. Ойын қалай аяқталарын ертең білеміз», - деді кездесу алдында  «Маккаби» командасының бас бапкері Арик Бенадо. Ал, өз кезегінде Виктор Кумыковта қарсылас осал емес екендігін тілге тиек етті. «Біз үшін алдағы ойын қиын болатыны анық. Біздің команда алғаш рет Еуропа Лигасында өнер көрсетіп жатқан соң, әрбір ойын оңай болмайтынын айтқан болатынмын. Қарсылас «ПАОК», «АЗ» сынды азулы болмаса да, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. «Маккабиді» біз жақсылап зерттедік. Сәттілік жолдас болса, жеңіс біздік болуы керек», - дейді Виктор Бальютович.