Еліміздің былғары қолғап шеберлері Венгрияның Дебрецен қаласында өткен халықаралық турнирде жеңіске жетті.

Бұл туралы Қазақстан Бокс федерациясы хабарлайды.

Байрақты бәсекеде 3 алтынды жеңіп алған қазақ боксшылары топтық есепте көш бастады.

Атап айтсақ, 56 келі салмақтағы Ілияс Сүлейменов финалда чехиялық қарсыластан басым түсті. Бұған дейін жасөсіпірімдер арасында әлем чемпионы болған Саматәлі Толтаев үлкен спортта Моңғолияның тәжірибелі боксшысын есеңгіретті. Айболды Дәуренұлы күміс еншілесе, Абай Төлеш 75 келі салмақта қола медаль алды. Бұл турнир Еуропада халықаралық жарыс деп саналады. Биыл оған әлемнің 23 елінен 158 спортшы қатысқан.