«Ақтөбе» ФК бас бапкері «Торпедо» (Кутаиси) командасымен өткен ойынды қорытындылады

-Біз жақсы командамен ойнадық – Грузия чемпионы, тәжірибелі команда. Ұлттық құрамаларының негізгі командасы осы болу керек. Ойын «Торпедоның» басымдығымен өтті, әсіресе екінші таймда «Торпедо» допқа көп иелік етті. Дегенмен, қауіпті шабуылдары көп болды деп айта алмаймын. Біз бірінші таймда тез қозғалып, қорғаныста сенімді ойнадық. Иә, бірнеше қателіктеріміз де болды, бірақ дер кезінде бетін қайтарып отырдық. Сосын стандарттан гол соқтық. Екінші таймда шаршаңқырап қалдық, үлгермей жаттық, «Торпедо» ойын тізгінін қолына алып, үш бірдей қауіпті шабуыл ұйымдастырды, алайда біздің қақпашы қақпасын голдан аман алып қалып отырды. Команда шыдамдылық танытып, көп еңбектенді, қарымта шабуылға шығып, екінші голын соғып, матчты жеңіспен аяқтадық. Жігіттерді мақтап қоюға болады деген ойдамын. Құрамымыз әлі де толықтай жасақталмаса да, жігіттер шыдас беріп, жеңіске жетті – өздеріңіз білесіздер, команда құрамында 70-80 пайызға жуық жергілікті ойыншылар ойнап жүр.