«Ақтөбе» командасы бүгін Грузия елінің «Торпедо» футбол клубымен жолдастық кездесу өткізеді, деп жазады қазақстандық клубтің ресми сайты.

«Ақтөбенің» осы жолғы қарсыласы өздеріне жақсы таныс. 2012 жылы Еуропа лигасының іріктеу сынында жолдары түйіскен. Ол кезде қазақстандықтардың жолы болған болатын. 5 шілдеде Кутаисиде 1:1 есебі тіркелсе, 12 шілдеде «Ақтөбе» қарымта ойында Марат Бикмаевтың жалғыз голының көмегімен жеңіске жеткен еді.

«Торпедо» — Грузияның Кутаиси қаласының футбол клубы. 1946 жылы құрылған. Өз ойындарын 14 700 жанкүйер сыйғызатын «Рамаз Шенгелия» стадионында өткізеді. Өз елінің төрт дүркін чемпионы.

«Ақтөбе» және «Торпедо» командалары арасындағы матч бүгін Белек қаласының Titanic Delux қонақүйінің алаңында өтеді, Ақтөбе уақыты бойынша 19:00-де (Астана уақыты 20:00) басталады.