Иран астанасы Тегеран қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия чемпионатының екінші жарыс күнінде әйелдер арасында 400 метрге жүгірген қазақстандық Светлана Голендова мен Элина Михина алтын мен күміс жүлдені өзара бөлісті.

Голендова бұған дейін 100 және 200 метрге жүгіруден өнер көрсеткен болатын. Жаңа маусымда Жамбыл облысының тумасы орта қашықтыққа ауысты. Қаңтар айында Өскемендегі үш жарыста да Голендова Михинаға есе жіберген еді. Осы жолы Азия чемпионатында әріптесін алдын орап кетті. 24 жастағы спортшы мәреге 53.28 секундта жетті.

Элина Михина өз кезегінде 53.49 секундпен күміс жүлдеге қол жеткізді. Қола жүлде Шри-Ланка спортшысына бұйырды.

Жеңіл атлетикадан VIII жабық кешендегі Азия чемпионаты. 2 ақпан. Иран, Тегеран. 400 метрге жүгіру, әйелдер:

1. Светлана Голендова (Қазақстан) – 53.28 с

2. Элина Михина (Қазақстан) – 53.49

3. Малика Валавве(Шри-Ланка) –54.90 с.