Иран астанасы Тегерандағы Aftab Enghelab Complex кешенінде өтетін Азия чемпионатында әйелдер арасындағы сайысқа бірде-бір ер адам кіре алмайды, деп хабарлайды ҚР Жеңіл атлетика федерациясының сайты.

Аталған хабарламада «доданың ерекшелігі, қыздар арасындағы сайыс кезінде маньежде ер адам болмауы тиіс. Аталған ереже тек спортшыларға ғана емес, төреші, техникалық қызметкерлер, бапкерлерге де қатысты», -деп ашық көрсетілген.

Сондықтан таңертеңнен түске дейін қыздар, ал түстен кейін жарыс жолына ерлер шығады. Ал аруларымыз ерлер арасындағы бәсекені көрермен ретінде тамашалай алады. Бірақ Иран Ислам Республикасының нормасына сәйкес, міндетті түрде орамал тағып жабық киініп баруы тиіс. Ал ерлер әйелдердің жарысын көруге мүлдем рұқсат жоқ.

Иран астанасындағы жабық кешендегі Азия чемпионатында қыздарымыз 13 сайыстың 11-інде өнер көрсетеді - 60, 400, 1500, 3000 метрге жүгіру, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, 4х400 метрлік эстафета, биіктікке, ұзындыққа, үш қарғып және сырықпен секіру, бессайыс.

Жарыс кезінде қыздарға ұлтық құраманың аға бапкерлері Любовь Никитенко, Татьяна Назарова және Мария Овчинникованың жеке бапкері Лариса Ившина көмектесетін болады.