Қазақстандық Фируза Шәріпова «New Generation» бағдарламасына берген сұқбатында боксқа қалай келгенін айтып берді.

«Боксқа кездейсоқ келдім. Мектептен кейін көршім қалай жаттығатынын көру үшін боксқа барғанмын, солай қалып қойдым. Бұл 2007 жылдың 24 ақпаны болатын. Бұған қалай етене кіріп кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Ата-анам менің бокспен айналысып жүргенімді білген кезде, қарсы болды. Әрқашан осының салдарынан жанжал шығатын. Ата-анам менің болашағым үшін уайымдады. Себебі, қыз баланың боксқа баруы қорқынышты. Қыздың үйде болып, үй шаруаларын жасауы керек. Ал мен боксқа бардым. Отбасымда спортшылар жоқ. Ұзақ уақыт бойы бәрі менің таңдауыма қарсы болды. Ал қазір олар мені толықтай қолдайды», - деп ағынан жарылды боксшы қыз.

Шәріпова Қазақстаннан шыққан тұңғыш кәсіпқой боксшы қыз саналады. Әлем чемпионы болашақта әйелдер боксындағы маңызды белбеулердің бәрін біріктіргісі келетінін де жасырмады.

«Әйелдер боксында бірнеше маңызды титул бар – WBC, WBO, IBO, WIBA. Менің еншімде қазір бір титул бар, енді қалғанының бәрін жинау қалды. Сол кезде абсолютті әлем чемпионы боламын. Өмірлік мақсатым – осы, - дейді Шәріпова. – Менің төккен терім бекерге кетпеді. Мен аз уақыттың ішінде Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы атандым. Енді одан да үлкен мақсаттарға қол жеткізгім келеді».

Фирузаның әр күні боксқа, жаттығуларға арналған.

«Ұйқыдан тұрған соң, таразыда салмағымды өлшеймін. Не істесем де, суретке түсіріп, өзімнің диетологыма жіберемін. Кейін жаттығу жасаймын, артынша қалпыма келуім үшін спорт медицинасының клиникасына барамын. Сөйтіп жүргенде, түскі ас уақыты да келеді. Әр тамағым граммдап өлшенген. Түстен кейін демаламын, 1,5 – 2 сағаттай ұйықтап аламын. Кейін кешкі жаттығу. Тек кешке ғана өз шаруаларымды жасаймын, Мәскеудің орталығында тұратын болғандықтан, серуендеп қайтамын. Күнім осылай өтеді», - дейді ол.

Әлемдегі спорт басылымдары Шәріпованы ең сұлу спортшы қыздардың қатарына қосып жүр. Мұндай танымалдылықтың салдарынан атақты сериалға түсуге де ұсыныс алған. Бірақ ол бірінші боксшы ретінде мансабын ойлайтынын айтып отыр.

«Тақтар ойыны» сериалына түсу туралы келіссөз болды. Мен үшін кәсіпқой мансабым бірінші орында. Сондықтан, жекпе-жектің қашан болатынын, түсірілімнің қашан болатынын анықтап, кейін шешім шығарамыз. Бокспен бәрі біте қалмайды ғой. Неге өзіңді актриса ретінде байқап көрмеске? Қолымнан келіп қалуы да мүмкін ғой», - дейді Шәріпова.

Естеріңізге сала кетсек, 30 желтоқсанда Алматыда Фируза Шәріпова бельгиялық Джемилла Гонтарюкті жеңіп, IBO және WBC Silver белбеулерін иеленген болатын. Бүгінге дейін кәсіпқой бокста тоғыз жекпе-жек өткізіп, оның сегізін жеңіспен аяқтады. Тек алғашқы жекпе-жегінде ғана жеңіліп қалды.