Кеше АҚШ-тың Инглвуд қаласында Хорхе Линарес пен филиппиндік Мерсито Геста жұдырықтасып, қатарынан 13-ші айқасында жеңіске жеткен венесуэлалық боксшы жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA чемпиондық белбеуін қорғап қалды.

Несін айтасыз, қарсыласы соншалықты қарымды емес еді. Мерсито Геста өз салмағында әлем бойынша «ТОП-50» боксшының қатарына кіреді. Бұған дейін екі-ақ рет 12 раундтық айқасқа шыққан. Онда да біреуінде ғана жекпе-жекті соңына дейін жеткізген. Бірақ ұтылып қалған еді.

Жекпе-жекті Геста белсенді бастады. Шабуылдары, құдды бір, зеңбіректің оғындай еді. Ал Линарес бастапқыда тек джебпен ғана жұмыс жасап, қарсыласының шабуылдарына тойтарыс беріп қана отырды. Алайда, төртінші раундтан бастап тізгін толығымен Хорхенің қолына өтті. Ары қарай венесуэлалыққа жеңісті рәсімдеу еш қиындық туғызған жоқ. Дегенмен, екі боксшыға да риза болдық. Көрермендерге нағыз шоу сыйлап, бір-бірінен қашқақтамай, соңына дейін төбелесті.

Жалпы, Линареске қарсыласты кем дегенде «үздік ондықтың» қатарынан қарау керек сияқты. Ал WBC президенті Маурисио Сулейман ендігі қарсыласы Майки Гарсия болуы қажеттігін айтты. Айта кетейік, өз кезегінде Майки ақпанның 10-ы күні Ақтөбенің тумасы ресейлік Сергей Липинецпен кездеседі.