Өткен аптада Буэнос-Айресте тарихи шешім қабылдандыкүрес Олимпиадалық спорт түрі болып қалды. Осы ретте FILA Бюросының мүшесі Дәулет Тұрлыханов түйткілді мәселені қорытындылап мән-жайды түсіндіріп берді.

– Ең алдымен барша жанкүйерлерді, бапкерлер мен күрес айналасында жүрген мамандарды ХОК-тің 125-і сессия барысында қабылдаған шешімімен құттықтаймын. Спорттық күрес Олимпида бағдарламасына енді. Қысқа мерзім аралығында үлкен шаруа атқарылды. Бұған дейін Тайландта шұғыл жиын өткізгенбіз. FILA-да басшы міндетін атқарған Рафаэль Мартинеттидің мәселесін талқылағанбыз. Күрес түрлерінің бүгіндегі мүшкіл халі Мартинеттидің нашар жұмыс істеуіне байланысты, оның орнына сербиялық Ненад Лалович келді. Мықты ұйымдастырушы әрі іскерлік қабілеті бар Лалович FILA-ны 2014 жылға дейін басқарады. Қысқа уақыт аралығында күрестің жаңа пішіні жасалды. Мысалы, төрешілер FILA-ның тікелей бақылауында болады, әйелдер арасындағы сайыстар енді 6 салмақ дәрежесі бойынша өрбиді.

– Ерлер арасындағы грек-рим мен еркін күресте салмақ дәрежелерін азайту арқылы әйелдерге осындай мүмкіндік беріліп отыр, өзіңіз бұған қалай қарайсыз?

– Ерлер мен әйелдер сайыстары тең дәрежеде өтуі – ХОК-тің талабы. Күрестің әр түрі бойынша медальдар жиынтығы бірдей болады деп шешілді. Ұлттық құрамаға ену бұрынғыдан да қиындай түспек.

– Жаңа салмақтар қашан белгілі болады?

– Бұл мәселені Будапештте өтетін Бюро жиынында талқылаймыз.

– Бізге қай салмақтарда өнер көрсету тиімді?

– Біз үшін жеңіл салмақтар жақсы әрине, себебі ауыр салмақтарда спортшыларымыз аз.

 

Авторы: Фархат Изизов