Бүгін Иранда грек-рим күресінен тарихи тамыры терең халықаралық Тахти-2018 кубогы басталды. Аталмыш жарыс осымен 38-ші рет ұйымдастырылып отыр.

Биыл бұл турнирге әлемнің 13 мемлектінен мықты балуандар келді. Оның ішінде грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы да бар. Еліміздің балуандары бүгін сәтті өнер көрсетті деуге негіз бар. Бірден төрт салмақта спортшыларымыз финалға жолдама алды.

63 келіде ел намысын қорғаған Құдайберген Тұрсынов қырғызстандық және грузиялық балуандарды тізе бүктіріп, финалға жолдама алды. Құдайбергеннің финалдағы қарсыласы тағы бір қырғыз балуан Кале Сулейманов болады.

Соңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев (72 келі) қарсыластарын қоғадай жапырды. Демеу алғашқы белдесуінде әзірбайжандық спортшы Санан Сүлеймановты 4:2 есебімен жеңді, ширек финалда жарыс қожайыны Фаршад Факехты 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Ал жартылай финалда грузиялық балуан Гога Гогиберашвилиді айқын басымдықпен ұтты. Ақтық сайыста Демеудің қарсыласы түркиялық Мұрат Даг болмақ.