Футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатын қызу дайындық жүргізіп жатыр. Қарт құрлықтың серкелері жиналған дүбірлі дода 30-қаңтар күні Словенияның Люблян қаласында басталады.

Футзал мамандары біздің құраманы жүлделі орындарға таласатындар қатарына қосуда. Оған себеп те жоқ емес. Біздің құрама соңғы Еуропа біріншілігнде Италия, Хорватия және Сербия сынды азулы командаларды жеңіп, қола жүлдегер атанған. Оған дейін Қазақстан дегенде тек алматылық «Қайраттың» жетістіктері еске түссе, ендігі жерде Қазақстан құрамасымен де санасатын болды.

Қазақстандық жанкүйерлер ЕУРО-2018 турнирін тағатсыздана күтіп жүргені анық. Біздің құрамадан тағы бір ерлік күтетіні де жасырын емес. Алайда қазақстандық жанкүйерлер ұлттық құраманың ойынын теледидардан көре алмайтын болып шықты. Еліміздегі жалғыз спорттық арна QAZSPORT УЕФА ұйымынан трансляция тарату құқығын сатып алудан бас тартыпты.

QAZSPORT арнасы қазақстандық спорттың ажырамас бір бөлігі. Спортшыларымыз ел мерейін үстем етіп, көк туымызды көкке көтерген сәтті дүйім жұрттан бірінші сүйінші сұрайтын да дәл осы арна болуы тиіс еді.

«ҚАЗАҚСТАН» РТРК» АҚ құрамына кіретін QAZSPORT әуелде ашылғанда ұлттық жоба ретінде бірінші кезекте Қазақстанның спорттағы жетістіктерін дәріптеуі тиіс болатын. Өкінішке қарай соңғы кездері QAZSPORT бағытын басқа арнаға бұрған секілді. Әйтпесе қазақстандық спортшылар жүлдеге ілінуі мүмкін халықаралық жарыстардың эфирден тыс қалуын басқа ештеңемен түсіндіре алмайсың.

Командалық спорт түрлерін алып қарасаңыз жетістігі жөнінен Қазақстанда футзалмен санаса алатындары жоқтың қасы. Қай спорт түрінен Еуропа немесе Әлем чемпионаттарында жүлделі орынға үміткер атанып жатырмыз. Жүлдені айтпағанның өзінде көп спорттан Еуропа чемпионатына қатысудың өзі арман. Футзалдан ел құрамамыз әлемде азулылар қатарында болса, футзал командаларымыз кез-келген қарсыласқа төтеп бере алатын қауқарлы. Алматы қаласы бүгінгі күнге дейін футзалдан ондаған халықаралық жарыстарды өткізіп үлгерді. Алдағы жаздың тамызында «Алматы Арена» студенттер арасында Әлем чемпионатын қабылдайды.

Өзге спортпен салыстырғанда көп қаржыны қажет етпейтін, ауыз толтырып айтатын жетістігі бар, көрермен жинай алатын, демеушілер тартуға да тиімді футзалдың мемлекеттік телеарна эфирінің сағатына енбей қалуы өкінішті әрине.

УЕФА ұйымынан трансляция тарату құқығын сатып алудан бас тартқан QAZSPORT арнасы Испания біріншілігін жарнамалаудан алдына жан салмайды.

Өкінішке орай, Еуропа чемпионатындағы Қазақстанның ойынын көрсетудің орнына бағасы оншақты есе қымбат «Лас-Пальмас», «Малага» сынды командалардың ойынын беру еліміздің басты спорттық арнасы үшін маңызды болып тұр.

Естеріңізге салсақ, 30-қаңтар мен 10-ақпан аралығында өтетін Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы «В» тобында Ресей және Польша құрамаларымен бір топта ойнайды.