«Тұлпардың» бас бапкері Әміржан Мұқанов алдағы УЕФА кубогына дайындық жөнінде сондай-ақ Қазақстан кубогы аясында өтіп жатқан кездесулер туралы баяндады.
 
- Әміржан аға, УЕФА кубогына дайындық қалай өтуде?
 
- Сексен пайызға дайынбыз. Львов пен Екатеринбургтегі өткен екі жарысқа қатыстық. УЕФА кубогы қарсаңында әлі де жұмыс істеп ойынды түзеу керекпіз. 
 
- Алдағы қарсыластар жайлы не айтасыз?
 
- Украиндық команданың бейнежазбасы бар. «Марка» мен «Спортинг Париж» командаларынан хабарымыз аздау, тек жазбаша түрде ғана. Тобымызда осал команда жоқ. 
 
- Командаға таяуда қосылған бразиялық Таллес туралы не айтасыз?
 
- Қорғаныста жақсы ойнайды. Соққысы да жойқын. Барлық көрсеткіш бойынша мықты. «Урал кубогында» жақсы ойнады. Қазір өтіп жатқан жарыс барысында бабына еніп УЕФА кубогында көмектеседі деген сенімдемін. 
 
- Былтыр жарақаттарына байланысты алаңға шықпаған Нұрғожин мен Таку қайта оралды ғой...
 
- Иә, бұл қуантарлық жайт. Екеуі әлі де жүз пайызға дайын емес. Дегенмен алда уақыт көп. 
 
- Еуропа маусымы басталмас бұрын УЕФА чемпионы «Қайратты» екі рет ұттыңыз...
 
- Қазір жағдай басқаша. Бұрын бұл кездесу ежелгі қарсыластар арасындағы ойын деп саналса, қазір «Қайратты» еуро ойындар алдындағы мықты спаринг қарсылас деп қабылдаймыз. Әрине бұл жеңістер психологиялық тұрғыда бізге қолдау береді. «Урал кубогында» алматылықтар әбден шаршады, оған қоса жарақат алған ойыншылары да көп. Ел кубогындағы кездесу басқаша өрбіді, Какау алаңға мықты ойыншыларын шығарды. Алғаш уақытта біраз гол соққанымен артынша шалдығып қалды. Ойыншылардың жетіспеушілігі әсерін тигізген болар.
 
- Футзалдан ел кубогы жайлы біраз әңгіме айттық, Семей қаласы бұл доданы қалай қабылдады?
 
- Көнілімнен шықты, қуаныштымын. Жанкүйерлер көп болды, мықты командалардың қатысуы қуантты. Алматылық «СКА» командасы ұнады. Ойыншылары жақсы ойын өрнегін көрсетті.