Astana Pro Team жексенбі күні  әлем чемпионатының командалық сынында мәреге алтыншы көрсеткішпен жетті. Жарыс жолы Тосканадан басталып Флоренцияда аяқталды. Жол негізінен жазықтан өтіп, техникалық тұрғыдан ауыр саналған жоқ.

Astana Pro Team спорттық директоры  Александр Шефердің айтуынша команда нәтижесін өте жақсы деп бағалауға болады. Себебі жарыс сызбасы жеке есеп сынының шеберлеріне арналған, ал жеңіске жеткен Omega Pharma Quick Step пен екінші орынды иеленген  Orica-GreenEdge сапында дәл осындай шабандоздар жеткілікті.

«Бұл техникалық жағынан өте күрделі саналған және біздің жігіттерге сай келетін Вуэльта емес. Біз жарысты алтыншы бастап, мәреге де алтыншы көрсеткішпен жеттік. Егер жол аралық көрсеткіштерге қарасаңыздар біз қарқынды өте жоғарғы деңгейде ұстадық. Сондықтан біз жарысты өте жақсы жүріп өттік. Ия, біз бесінші орыннан бар болғаны 3 секундқа қалып қойдық, жарыстан кейін 3 секундты қысқарту мүмкін ба еді деген сұраққа жауап іздейтін боламыз, ал бірінші орынмен арадағы уақыт айырмашылығы 1 минут, сондықтан бүгінгі жарыс басқа командалардың шама-шарқын ескере жасалғанын түсіну қиын емес», – деді  Шефер.

Astana Pro Team  шабандозы Танел Кангерт Астана сапында командалық сынды жүріп өтіп, жарыс жолы жылдамдықты үдете алуға шамасы жететін шабандоздарға лайық болғанын айтты.

«Бүгін жарысқа шыққан команда мүшелерінің салмағы 70 келіден аспайды, тек Груздевтің дене салмағы 72 келі. Ал жеңімпаз атанған команда шабандоздарына  қарасаңыздар барлығы денелі, ұзын бойлы. Жазық жолмен өткен бүгінгі жарыста біздің жеңіске жетуіміз тіптен мүмкін емес еді.  Өз мүмкіндігімізге қарай біз жарыс жолын жақсы жүріп өттік».