Бүкіләлемдік бокс сериясында Украинаның намысын қорғайтын «Украина атамандары» жаңа маусым алдында бапкерін ауыстырып бірнеше легионерлермен келісімшартқа отырды.

Украина бокс федерациясының ресми сайтындағы мәліметке сүйенетін болсақ, бұл команданы алдағы маусымда Валентин Соболевский жаттықтырады. Жаттықтырушы төрт жыл қатарынан Түркия елінің ұлттық құрамасын жетегінде ұстаған.

«Мен Түркия құрамасымен бірге бір Олимпиадалық циклды өткердім. Отаныма Пекиндегі Олимпиада ойындары аяқталған соң оралған едім. Түркия жерінде жұмысымды алғаш бастағанымда бұл ел 8 жыл қатарынан не Әлем біріншілігінде, не Олимпиада ойындарында олжалы болмаған еді. Мен барған соң ондағы жағдай біршама өзгерді. Төрт жылдың ішінде Әлем және Еуропа біріншілігінен медаль алдық. Алдағы уақытта «Атамандарды» биікке шығаруға тырысамын», - деді  Валентин Соболевский.

Сонымен қатар биылғы маусымнан бастап «Атамандардың» басты жұлдызы Василий Ломаченко WSB сериясында өнер көрсетпейді деген ақпарат бар. Екі дүркін Олимпиада чемпионы түбегейлі кәсіпқой боксқа бет бұрмақ. Allboxing.ru сайтының хабарлауынша ол АҚШ жерінде 12 қазан күні Хосе Рамиреске қарсы өтетін кездесуге дайындалып жатыр. Сондай-ақ Александр Усиек те кәсіпқой боксқа жол тартыпты. Есесіне, команда қатарына 2011 жылғы Әлем чемпионы Евгений Хитров қосылды. Одан бөлек команда қатарында былтыр өнер көрсеткен  Дмитрий Митрофанов, Иван Голубь, Денис Беринчик, Александр Гвоздик, Павел Ищенко сынды мықты боксшылар бар.