Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы КСРО баскетболының жарық жұлдызы, қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кезекті рет атажұртқа келіп отырмын. Бүгін министрмен жақсы кездесу өтті және спортқа қатысты өзара пікір алмастық. Осы сәтті пайдалана отырып, қазақ спортына сәттілік тілеймін. Жастары биік шыңдарды бағындырып, Қазақстанның мәртебесін көтере берсін», - деп тілеген білдірді ардагер баскетболшы.

Сонымен қатар Әлжан Жармұхамедов кеше Астанада 1972 жылғы Олимпиада кезінде КСРО баскетболшыларының жеңісіне арналған «Движение вверх» атты фильмнің көрсетіліміне қатысқанын еске салып өтті.

«Бұл фильм 1972 жылы Мюнхенде тарихи финалдық матчке арналған. Сол кезде КСРО спортшыларының құрамында мен де болған едім. Фильмді тамашалау барысында көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық болғанын байқадым. Залға келген әрбір көрермен менімен амандасып, фотосуретке түсуге тырысты. Осындай жылы шырай танытқан қандастарыма алғысымды айтқым келеді», - дейді КСРО баскетболының жарық жұлдызы.