Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Prosports.kz тілшісіне Жәнібек Әлімханұлының командадан не үшін кеткенін және биылғы маусымға жоспары туралы айтып берді.- Әңгімемізді Әлімханұлыдан бастасақ, Жәнібек ұлттық құрамадан кетті деген ақпарат рас па? - Иә. Жәнібек Қазақстан чемпионатында ұтылып қалса да біз оны ұлттық құрамаға енгізгенбіз. Оның қаншалықты мықты боксшы екенін ескердік. Әлімханұлының елімізге берері көп, әлі соңғы сөзін айтпады деп құрамаға қостық. Бұл бапкерлік құрамның шешімі болды. Оқу-жаттығу жиыны қаңтардың бесінде басталып кетті. Алтысы күні Жәнібек хабарласып айтты: «Мен ұлттық құрамаға келмеген себебім - түбегейлі шешім қабылдадым. Сенім артқаныңызға рақмет, бірақ мен үлкен спортпен қош айтысам. Ренжімеңіздер», - деді. Кәсіпқой боксқа ауысасың ба? деген сұрағанымда нақты жауап бермеді. Денсаулығына байланысты осындай шешім қабылдаған көрінеді. - Жәнібектен басқа «кетеміз» деген боксшылар жоқ па?- Жоқ, неге кетеді? Әрине, біз Жәнібектен көп үміт күттік. Олимпиада ойындарында топ жарса екен деген арман болды. Ұлттық құрамаға ілінбей тұрып оның екі шынтағы жарақаттанған болатын. Бірақ соған қарамастан, ол Әлем чемпионаты мен Азия ойындарын жеңген. Жәнібек Олимпиададан кейін ғана шынтағына ота жасатты. Сол себепті біраз жарыстарға қатыса алмады. Меніңше, сол ескі жарақаты боксты тоқтатуына себеп болды.