«Ордабасы» командасының тізгінін болгариялық бапкер Георги Дерменджиев ұстады. Биыл ғана премьер лигадағы алғашқы жүлделеріне қол жеткізген шымекенттіктер келесі маусымда да осы биігінен төмендегісі келмейтін секілді. Аттай қалап атақты маманды ұсыныс етіп отыр.

«Жақсы бапкер не қорғаушыдан, не жартылай қорғаушыдан шығады» деген мәтел бар футболда. Біз сөз еткелі отырған Георги мырза да футболшы кезінде қорғаушы болған. Футболшы ретінде атағы алты құрлыққа танылмағанымен өз елінде тәп-тәуір өнер көрсеткен.

Дерменджиевтің бапкерлік салада жүргеніне 20 жылға жақын уақыт болыпты. Бірақ, 1998-2014 жылдар аралығында азды-көпті өз алдында жұмыс жасағанымен көбінде көмекшілік қызмет атқарды.

2014 жылы шілдеде «Лудогорец» клубының бас бапкері болып бекітілген соң ғана бар білгенін ортаға салды. Разградтық команданы бастап үш жыл қатарынан Болгария чемпионатында топ жарды. Болгария суперкубогын ұтты.

Одан да маңыздысы командасын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне екі мәрте алып шықты. «Реал Мадрид», «Арсенал», ПСЖ сынды Еуропа алпауыттарымен алысып тәжірибе жинады. Чемпиондар лигасында 25 кездесу өткізіп, оның 8-інде жеңіске жетіп, 7 мәрте тең ойнады(Іріктеу ойындарын қамтиды).