Еліміздегі тұңғыш спорт арнасы «KazSport» қараша айында өтетін ауыр атлетикадан әлем біріншілігін көрсетпейтін болды. Бұл туралы арнаның бас директоры Диас Ахметшәріп тілшілерге берген сұхбатында айтты.

«Бастапқыда біз ауыр атлетикадан әлем біріншілігін көрсетуді жоспарлаған едік. Дегенмен, кейін біз Қазақстан құрамасының бапкерлерімен және мамандармен ақылдастық. Олар биыл Қазақстан атынан әлем біріншілігіне екінші және үшінші құрамды жіберетіндігін және биыл ел қоржынына медаль аз түсіп қалу мүмкіндігін айтты. Сол себепті де біз бұл шарадан бас тарттық», - дейді Диас Ахметшәріп.

Олимпиада чемпиондары Илья Ильин, Зулфия Чиншанло, Майя Манеза және Светлана Подобедова биылғы жылы барлық жарыстардан босатылғанын естеріңізге сала кетсек. Сол себепі де құраманың бас бапкері үстіміздегі жылда жастарға мүмкіндік беріп жатыр.

Сондай-ақ, жуырда ғана Халықаралық Олимпиада Комитетінің ресми сайтында Польша жерінде өтетін Әлем біріншілігіне қатысатын Қазақстан спортшыларының тізімі шықты. Ресми сайттағы тізімге назар аударатын болсақ, біздің құраманың легі жастар. Қыздар арасында 48 келіде еліміздің намсын Галина Мамотова, 53 келіде Галина Мамотова, 58 келіде Сәуле Сәдуқасова, 63 келіде Карина Горичева және Кристина Крахалова, 69 келіде Жазира Жаппарқұл, Анастасия Халикова, Гулназ Наурызованың есімдері тізімдері тұр. Дәл осы үш зілтеміршінің қайсысы жарыс алдында жақсы бабында болса, Ни бапкер Польшаға алып кетеді. Ал, қыздар арасында аса ауыр салмақ деп саналатын +75 келіде Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Мария Грабавецкая барады.

Ерлер арасындағы 56 келі салмақта соңғы кездері сәтсіз өнер көрсетіп жүрген Арли Чонтей бірінші жазылыпты. Сонымен қатар бұл салмақта Тимур Хасановтың да есімі бар. 69 келіде жас өрен Альберт Линдерге бапкерлер сенім артып отыр. Соңғы жылдары «қазақтың салмағы» боп саналып жүрген 94 келіде Олимпада ойындарының қатысушысы Алмас Өтешов пен 2009 жылғы Әлем чемпионы Владимир Седов әлем біріншілігіне барады. 105 келіде Сергей Истомин тіркелді. Саша жарақат алып жатқан жағдайда Ескендір Момынбеков орнын жоқтатпауға дайын. Ал аса ауыр +105 келіде Жуырда ғана Астанада өткен Азия біріншілігінің қола жүлдегері Ибрагим Берсанов пен Селимхан Абубакировтор Алексей Нидің тапсырысында бар екен.

Қарап отырсаңыз, Польшаға баратын зілтеміршілердің басым көпшілігі жас спортшылар екенін байқайсыз. Дегенмен де, жас деп кеудеден итерудің еш қажеті жоқ. Естеріңізде болса, Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин 2005 жылы Катар астанасы Дохаға аттанғанда небәрі 17 жаста еді, ақыры әлем чемпионы атанды. Сол секілді биыл да біздің жас зілтеміршілер жасындай жарқырап өнер көрсетсе еш таң қалудың қажеті жоқ.