Миллиард халықтың ішінен топ жарып, саны аз қазақтың абыройын көтеру үлкен күш-жігер қажет етеді. Қазақтың қара күшін қалың қытайға мойындатқан қандастарымыздың бірі – Жұмабек Тұрсын осы күндері кезекті жекпе-жекке дайындық үстінде. Prosports.kz тілшісі беделді промоушенында (UFC) өнер көрсеткен тұңғыш қазақ баласымен жолығып, әңгіме өрбітті.

- Жұмабек, сіздің атыңыз Қазақстан жұртшылығы таныс. Дегенмен, өзіңіз жайлы айтсаңыз...

- Мен Қытайда туып өстім. Дәлірек айтсам, Іле бойындағы Күнес жерінде 1986 жылы өмірге келдім. Бала кезімнен спортқа құмар болдым. Өзгенің жерінде жүрген соң, рухың биік болуы тиіс. Ал рухты көтеретін жалғыз құрал – спорт. Бабаларымыздың ерлігін мақтан еткен қазақпыз ғой. Өсе келе еркін күреске ден қойдым, біраз белестерді бағындырдым. Содан соң, ережесіз жекпе-жекте бақ сынауға бел будым. «Аспан асты елінде» 20 астам жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтадым. Соның арқасында UFC-мен келісімге келіп, Америка төрінде айқасқан тұңғыш қазақ атандық.- Бірақ UFC-де жолыңыз болмады...

- «Бірде бақ, бірде бап шабады» деген сөз бар ғой. Өкінішке қарай, UFC-дегі қадамдарым сәтсіз болды. Бірақ, әлі өз мықтылығымды дәлелдеймін деген ойдамын.