«Барселона» командасы 160 млн еуро төлеп Филиппе Коутиньоны сатып алды. Бұған жазда командаға келген Усман Дембеле(€ 105 млн), Паулиньо(€ 40 млн), Нелсон Семеду(€ 30,5 млн), Жерар Деулофеулерді(€ 12 млн) қоссақ, жалпы сомасы 350 миллион еуроға жақындады.

Католониялық клуб ПСЖ немесе «Манчестер Сити» секілді мұнай алпауыттарының иелігіндегі команда емес. Дәстүрлі «мүшелер басқаруындағы» команда. Демек, бұлардың ана екеуіндей қалталы қожайыны жоқ. Клубтің табысына сүйеніп жұмыс жасайды. Осы жерде «Реал Мадридтің» де мүшелер басқаруындағы клуб екенін айта кетейік.

Қазір қалтасы қалың қожайындарына иек сүйеген ПСЖ секілі клубтар футболшылардың бағасын шарықтатып жіберді. Осындай жағдайда испаниялық екі команданың алдында екі жол тұрды. Бірі, бұндай «базар бәсекесінен» бас тартып, жас ойыншыларға үміт арту; екінші жолы, тәуекел етіп мұнай алпауыттарымен бағада бәсекеге түсу. Бізше, «Реал Мадрид» алғашқы жолға түсті де, «Барселона» екіншісіне тәуекел жасады.

Испания ақпарат құралдары «Барселонаның» жұмсаған қаржысы қызыл сызықтан көп асып кеткенін жазуда. Былтыр жазда клуб президенті Жозеп Бартомеу: “Біз футболшы сатып алуға 60 млн еуро бөліп отырмыз”,-деп мәлімдеген болатын. Кейін бұл сомаға Неймарды сатудан түскен 220 млн қосылды. Жиыны 280 миллион еуро. Ал футболшы алуға жұмсаған ақшалары бұдан әлдеқайда көп.

Екінші мәселе, команданың футболшыларға төлейтін жалақысы тым жоғарлап кеткен. Клубтің белгілемесінде жалақы жалпы табыстың 55%-ын құрауы керек болған. Ең көп болған күннің өзінде 70%-дан асырмауды жоспарлаған. Алайда, осы маусымда команданың жалпы табысының 84%-ы футболшыларға жалақы төлеуге жұмсалып отыр. Оған Коутиньо қосылды(жалақысы жылына 15 млн). Енді клуб жалақыға 86% қаржысын жұмсауына тура келеді.

Осы маусымда команда Месси, Суарес екеуімен жаңа келісімге отырды. Осыдан кейін клубтің төлейтін жылдық жалақысы 600 миллион еуроға жеткен. Бұл дегеніңіз әу баста белгіленген қызыл сызық - 100 млн еуродан алты есе көп.

Осы санды мәліметтерге сүйене отырып мамандар «Барселона» клубында алдағы уақытта қаржылық қиындықтар туындауынан алаңдайды. Ақпарат құралдары команданың жалпы қарызы 247 миллион екенін жазуда. Аздап қаржылық қиындықтар бар екенін клуб басшылары да жоққа шығармайды.