Қазақстандық теннисші қыз Юлия Путинцева(50) Австралияның Хобарт қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің алғашқы айналымында Жапон қызы Наоми Осаканы(68) жеңіді.

Отандасымыз Осаканы оңай олжаға айналдырды. Кездесу екі сетте аяқталды. Юлия екі сетті де 6:3 есебімен өз пайдасына жазды.

20 жастағы Наоми Осака өткен жылы қазан айында Гонконг қаласында атақты теннис шебері Винус Уильямсті жеңіп кеткен болатын.

32 теннисші қатысып жатқан Хобарт турнирінің жалпы жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрайды. 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан турнир әр жылдың қаңтар айында өткізіледі.

Юлияның келесі қарсыласы ертең анықталады. 1/8 финалда венгриялық Тимея Бабош(55) пен украиналық Леся Цуренко(42) жұбының жеңімпазымен жолығатын болады.