Жозе Моуриньо мен Антонио Конте журналистер арқылы жанжалдасып жүр.

Моуриньо сұқбаттарының бірінде «Егер мен алаң жиегінде сайқымазақ сияқты тұрмасам, бұл қабілетімді жоғалттым деген сөз емес», - деп айтқан болатын. Моуриньоның бұл сөзі Контеге қарсы айтылғандай көрінген. Конте мұны жауапсыз қалдырмады.

«Ол бұрынғы өзін айтып тұрған шығар. Адамдар бұрын қандай болғанын ұмытып қалып жатады. Мұны кәріліктің кесірінен ақылы азаю дейтін бе еді?», - деді Конте.

Моуриньо Контенің бұл сөзіне де жауап тапты.

«Мен Контені кінәлап тұрған жоқпын. Мен өзімнің эмоциям туралы айттым, ал журналистер мені Конте туралы айтып отыр деп жеткізді. «Челсидің» бапкеріне менің бұрынғы қателіктерімді еске салудың керегі жоқ. Болашақта да қателесетін шығармын. Бірақ бір нәрсе болмайтыны анық: мен ешқашан келісілген матч үшін жазаланбаймын», - деді Моуриньо.

Айта кетейік, 2012 жылы Конте келісілген матчы үшін 10 айға жазаланған болатын.