Алматылық «Қайрат» пен Қазақстан ұлттық құрамасының джокері Бауыржан Тұрысбектің табаны «Тобылға» таяп тұрған секілді.

Қазіргі таңда Қазақстанның ең үздік шабуылшыларының бір де осы Бауыржан. Алайда Бауыржанның алматылықтардан көңілі қалған көрінеді.«Қайрат» командасының алғашқы оқу-жаттығу жиынына келмей қалуы оның Оңтүстік астанада қалмайтынынан дерек берсе керек.

Негізі Бауыржанның бұндай шешім қабылдауына команданың жаңа бапкері Карлос Феррер себеп болған болуы мүмкін. Естеріңізде болса, испаниялық маусым соңына қарай Тұрысбекті төменгі лигада бақ сынайтын «Қайрат А» командасына жіберген еді.

Отандық ақпарат құралдарының хабарлауынша қостанайлық клуб Бауыржанды сатып алу үшін 30 миллион теңге дайындап отырған көрінеді. Алайда алматылықтар бұндай арзан бағаға келіспейтін секілді. Олар қарсы тараптың кем дегенде 70 миллион төлеуін талап етуде.