Қазақстандық футболда тірі аңызға айналған Самат Смақов «Ақтөбенің» бас директоры атанды.

«Бұл – мен үшін туған командаға айналған ұжым. Мансабымның ұзақ жылдары осы клубта өтті. Сондықтан, «Ақтөбені» жаңа деңгейге көтеру үшін бізге байланыстының бәрін істейміз. Алдын ала үлкен уәделер бергім келмейді. Бір айтарым – «Ақтөбе» Қазақстан чемпионатында көшбасшылардың бірі болуы үшін бар күшімді саламын», - деді Смақов бас директор ретіндегі алғашқы сөзінде.

Алдағы маусымда «Ақтөбе» футбол клубының бюджеті 2,3 миллиард теңге болады. Смақовтың пікірінше, көшбасшы болуға бұл қаржы да жеткілікті.

«Шынымды айтсам, футболшы ретінде мансабымды енді аяқтап жатырмын. Барлық клубтардың бюджеттерін білемін. Қиын болары анық. Бірақ жұмысымызды дұрыс істесек, бәрі қолымыздан келеді деп ойлаймын», - деді клубтың бас директоры.

Жаңа маусымда «Ақтөбенің» спорт директоры қызметін клуб жанкүйерлеріне жақсы таныс Ұлықбек Асанбаев атқаратын болды.

Айта кетейік, Самат Смақов «Ақтөбе» сапында ойыншы ретінде 2007-2012 және 2016 жылғы маусымдарда ойнаған болатын. Ақтөбелік клубпен бірге үш рет ел чемпионы атанып, екі рет Қазақстан Суперкубогын, бір мәрте ел Кубогын жеңіп алған. Одан бөлек, үш рет Қазақстанның үздік ойыншысы атанды.

Ал Асанбаев «ақ-қызылдар» сапында 2006-2009 жылдары өнер көрсетті. «Ақтөбемен» бірге үш рет Қазақстан чемпионы атанып, бір реттен ел Кубогы мен Суперкубогын ұтқан. Кейін, 2012-2015 жылдары «Шахтер» футбол клубының спорт директоры қызметін атқарды.