Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Ұлттық құрамаға Данияр Елеусіновтің оралуына қатысты пікірін білдірді.

- Иә, Данияр қайта келді. Енді ол бұрынғыдай құрамада жаттығады. Ол өзінің бұрынғы бабына келіп, мықтылығын қайта дәлелдеп жатса, келесі жылы өтетін халықаралық, әлемдік додаларға баруға мүмкіндік алады. Өткенде біреу «құрамаға ардагер» боксшыларды неге қалдырдыңыздар деп сұрап жатыр. Әркім өз салмағында қырық жасқа дейін күш-қуаты қайтпай, көшбасшы екенін дәлелдеп тұрса, әлем, Олимпиада ойындарында сүрінбей жүлде алып жатса, біз оларды неге қуып жіберуіміз керек? Керісінше, құрамаға алынған жас буын боксшыларымыздың Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, Олимпиада мен Әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы сияқты боксшылармен бірге жаттығуы оларға мақтаныш емес пе? Соларға қарап бой түземей ме? Сол үшін сақа боксшылардың болғаны құрамаға пайдасынан басқа зияны жоқ. Олар - әбден ысылған боксшылар. Осыған дейін елдің елдігі сынға түсетін сәтте, жасындай жарқырады. Алдағы уақыттарда да сол биіктерінен көрінеді деген үміттеміз, - деді Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұқбатында.