Шарада еліміздің әйелдер құрамаларының көрсеткіштері, ҚР чемпионаты мен Кубок ойындары талқыланды.

Кеңеске Қазақстан Футбол Федерациясының бұқаралық, әйелдер футболы және футзал департаментінің өкілдері, еліміздің құрама командаларының бапкерлері, әйелдер арасындағы футбол командаларының, балалар және жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің өкілдері қатысты. ҚФФ Бұқаралық, әйелдер футболы және футзал департаментінің басшысы Ерлан Жамантаев 2017 жылы федерация әйелдер футболын насихаттау бағытында көптеген шаралар ұйымдастырғанын атап өтті.

- Қазақстанның 7 қаласында «FIFA Live your goals» футбол фестивальдері ұйымдастырылды. Бұл спорттық шараға 7-12 жастағы 1,5 мыңға жуық мектепте оқитын қыз балалар қатысты. Осындай шаралар арқылы көптеген балалар футболмен танысты. Осыған қоса, УЕФА-ның қолдауымен кішкентай қыздар үшін Алматы, Қостанай және Астана қалаларында бұқаралық фестивальдер ұйымдастырдық. Осы шаралардың нәтижесінде 350 қыз бала футбол секциясына жазылған. Айта кетейін, ОҚО-да 4 қазан күні қыз балалар арасындағы Мектеп Лигасы сияқты ауқымды жоба бастау алды. Бұл спорттық мерекеге 9 мыңға жуық қыз бала, яғни 484 команда қатысып жатыр. Қазіргі таңда мұндай Лиганың еліміздің басқа аймақтарына да енгізуді қарастырып жатырмыз. Ел біріншілігіне тоқталсақ, биыл 5 жас категориясында (U13, U15, U17, U19 және ересектер арасында) 5 чемпионат өткіздік. Сонымен қатар, футзалдан үш ҚР чемпионаты (U17, U19 және ересектер арасында) өткізілді, - деп қорытындылады Ерлан Жамантаев.

Шара барысында Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкерінің есебі тыңдалды. Осыған қоса 17 және 19 жасқа дейінгі құрама бапкерлері де біржылдық нәтижемен бөлісті.

- Біз 8 желтоқсан күні атқарылған жұмыс туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде есеп бердік. Ол шараға ҚР ҰОК өкілдері де қатысты. Ұлттық олимпиадалық комитет келесі жылы әйелдер құрамасының оқу-жаттығу жиыны үшін қаржы бөледі. Ал команданың 18 ойыншысы айлық алып тұрады, - деп мәлімдеді Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Айтпай Жамантаев. – Биыл біз жарыстар легін 2019 жылғы ӘЧ бастапқы кезеңінен бастадық. Ол жерде 16 құрама 4 топқа бөлініп ойнаған еді. Эстония, Латвия және Грузиямен сынға түскен Қазақстан құрамасы «А» тобында ойнады. Алғашқы ойында біз Грузияны (1:0) жеңдік. Екінші матчта Латвиямен (2:2) тең түсіп, кейін Эстониядан (1:0) басым түстік. Осылайша команда біздің құрама 7 ұпай жинап, бірінші орыннан 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алды. Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан Англия, Уэльс және Босния және Герцеговина командаларымен бір топқа түсті. Іріктеу аясында өз алаңымызда 1:0 есебімен есе жібердік. Екінші кездесуде Босния және Герцеговина құрамасына 2:0 есебімен жеңілдік. Бұл ойындарда Ұлттық құрама үшін 5 жаңа футболшы ойнады. Қарашада Уэльс және Англияға қарсы сырт алаңда екі матч өткіздік. Уэльспен 83 минутқа дейін тартысты ойнасақ, Англиямен олай болмады. Жалпы қазір құраманы жастар арқылы жаңартып жатырмыз. Мысалы, соңғы оқу-жаттығу жиынына біз 2001 және 2002 жылы туған 11 ойыншыны шақырдық. Жиын барысында біз жаңа мықты буынның өсіп келе жатқанын байқадық. Оларды кәдімгідей баптап жатырмыз, әрбіреуіне жекелей тапсырмалар берілді. Олардың жаттықтырушыларымен байланысып тұрамыз. Сондықтан келесі жылы жастарымыз жақсы ойын көрсетеді деп үміттенеміз.

19 жасқа дейінді қыздар құрамасының бас бапкері Петр Пак биыл қыздар мол тәжірибе жинағанын атап өтті.

- Биыл төрт халықаралық турнир өткізілді. Маусым басында біз дұрыс ойнай алмадық. Футболшы қыздардың қалыптасып қалған ойын мәнерін өзгерту оңай болмады, - дейді 19 жасқа дейінгі қыздар құрамасының бас бапкері Петр Пак. – Біз қатысқан алғашқы «Кубанская весна» халықаралық турнирі 17-27 наурыз күндері Сочиде өтті. Команда барлық ойында жеңіліп, соңғы орын алды. Жарыс қорытындысы бойынша селекциялық жұмыстар істелді. Мамырда Шымкентте өткен УЕФА Даму Кубогында жақсы ойнадық. Біз аз уақытта жаңа ойыншылардың мүмкіндіктерін танып, алаңдағы кәсіби позицияларын анықтадық. Меніңше, команда дайындық кезеңін жақсы өтсе де, кішкене жетпей қалды. Әзірбайжан және Украинаға қарсы нәтиже бойынша жеңілсек те, ойын сапасы жағынан еш кем емес едік. Бапкерлер штабында маусымның басты жарысы – Еуропа чемпионатына дайындалуға кішкене уақыт болды. Ол кезде команда тәжірибе жинап, ел чемпионаты қатысты. 17-24 қазан күндері Шымкентте өткен ЕУРО-2018 турнирінің іріктеу кезеңінде біз аутсайдер едік. Қыздар құрамасына ойын бірізділігі мен тұрақтылық жетіспеді. Қарсыластар сапында деңгейі жоғары, мықты ойыншылар доп тепті. Біздің топтағы қарсыластар тым мықты еді. Бізбен ойнаған Англия, Словения және Уэльс командалары ЕУРО-ның финалдық кезеңіне шықты. Біз үшін бұл мол тәжірибе болды. Біз футболшылармен әлі еңбек ету керек екенін айттық.

- 17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасы негізінен ел чмепионатында U17 және U19 категорияларында ойнайтындар қатарынан жасақталды, - дейді құраманың аға жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова. –Команда алғашқы оқу-жаттығу жиынын 6-15 сәуір күндері Талғардағы базада өткізді. Басты мақсат осы жастағы барлық үміткерлерді байқау болды. Бұл құрама ойнаған алғашқы халықаралық жарыс Подгорицеде өтті. Черногория, Босния және Герцеговина, Әзірбайжан командаларына қарсы қыздарымыз мінез көрсетті. Кейін Беларусь Республикасында өткен УЕФА Даму Кубогында алаң қожайындарына және Черногорияға қарсы матчтар өткізді. Осыдан соң біз Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатыстық. Өкінішке қарай, ол жерде барлық ойында жеңіліске ұшырадық. Айта кетейін, біздің топта әлем үздіктері Франция, Дания және Уэльс ойнады. Жеңілістің негізгі себептері – біз жылдам ойлау жағынан, техникалық-тактикалық әрекеттер бойынша есе жіберіп қойып жатамыз. Осыған қоса бізге стандартты жағдайлармен жұмыс істеу керек. Осындай мықты топта барынша тырысқан қыздарға ризашылығымды білдіремін. Олар әлі еңбек етіп, ары қарай дамуға жұмыс істейтіні көрініп тұр. Келесі жылдың жоспарларына тоқталсақ, ақпан айында селекциялық жұмыстар ұйымдастырамыз. Сәуір айында ұлттық құрама УЕФА Даму Кубогында сынға түседі. Осындай кейін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне дайындық басталады, - деп қорытындылады Орынбасар Дәуренбекова.

Кеңеске қатысушылар ҚР чемпионаты мен ҚР Кубогының, осыған қоса әр жас бойынша ҚР біріншілігінің ойындар күнтізбесін талқылады.