Алматыда «Спорт менің ауламда» бағдарламасы аясында 7-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында чемпиондар лигасының финалы өтті, деп ақпараттық және спорттық ХАБ хабарлайды.

Екі күнге созылған жарыс Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті спорт кешенінде өтіп, оған Алматының әр ауданынан келген 800-ге жуық адам қатысты. Сайыстар ұлттық және жылжымалы спорт түрлерінен, сонымен қатар бірнеше байқаулар өткізілді.

Чемпиондар лигасы аясында жеткіншектер асық ату, шағын футбол, бұқа тартыс, секіргіш, арқан тарту, жеңіл атлетика, стритбол, тымақ ұру, қол күрес спорт түрлерінің өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар, отбасылар арасында "Біз мықтымыз" эстафетасы өтті.

- Біз отбасымызбен келіп, баламызбен бірге қатысып көрейік деп шештік. Бізге бәрі ұнады. Спорттың құмарына кіріп, тіпті өзім спортпен шұғылданғым келіп кетті. Өте жақсы бағдарлама, осындай пайдалы бастамаларды үнемі қолдап, дамыту керек. Әкімге, ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Осындай жарыстарға қатыспағалы көп болыпты. Біз өзіміз Алатау ауданыңда тұрамыз. Балам ылғи есік алдында достарымен ойнайды. Аладғы уақытта тағы да келеміз деген ойдамын, - деді өз отбасымен келіп эстафетаға қатысқан Тимур Садықов.

Айта кетер жайт, бұл чемпиондар лигасы жарысы осы бағдарлама аясында қараша айында басталған болатын. Бірнеше кезеңнен тұратын сайыстың финалына тек өз аудандарының мықтылары келіп өнер көрсетті.

Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер медалдар және дипломдар, ал футболшылар қосымша кубоктарға ие болды. Жалпы саны 28 комплект медалдар табысталды. Оларды құттықтауға осы жобаның жетекшілері, бапкерлері мен үйлестірушілері және дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көптеген жарыстардың жүлдегері Евгения Бодунова келді.

- Мен тоғызқұмалақтан бірінші орын алып, өте қуанып тұрмын. Өзім Түрксіб ауданынан келдім. Маған осы ойын қатты ұнайды. Мектептегі мұғалімім үйреткен болатын. Қазір 74-ші мектепте 8 сыныпта оқимын. Балалармен ылғи жиналып аулада футбол ойнаймыз. Олда өте қызық. Осындай жарыстар жиі болып тұрса жақсы болар еді, - деп жеңімпаздардың бірі Рамазан Назарбаев өз ойымен бөлісті.

Естеріңізге сала кетсек, «Спорт менің ауламда» жобасы биылғы жылдың басында Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ашылған болатын. Қазіргі таңда 75 спорт алаңында 7500-ге жуық балалар қатысуда. Финалдың нәтижелерімен және осы бағдарлама туралы ресми сайтынан көре аласыздар: https://sportvodvor.kz/ru.