Қазақ футболына атасында көрмегенді ботасында көрсеткен «Астана» командасы бүгінде миллион жанның махаббатына бөленіп отыр. Қабырғасы қаланғанына анық он жыл толмаса да қарт құрлықтың бас байгелерінде бақ сынап жүр. Біздің футбол Еуропаның кенжесі деп күйініп жүрген жанкүйер қауымның еңсесін тіктеп, есесін әперген де осы – «Астана».

«Астананың» алпауыт командаға айналуына бас бапкері Станимир Стоиловтың сіңірген еңбегі мол. Елордалық клубты бастап еңселі жетістктерге жеткен болгариялық маманға қазақ жанкүйерлерінің алғыстан басқа айтары жоқ. Стоилов барда Астана алынбайтын қамал іспетті.

Алайда осы тәтті қиялымыздың қаймағы бұзылатын секілді. Бұған себеп сенген нарымыздың командадан кететіні жайлы желдей ескен қауесет. Рас, бас бапкер әзірге отандық ақпарат құралдарына кететіні жайлы тіс жарған жоқ. Бірақ, өз отанында алдағы жоспарлары туралы айтып жүрген көрінеді. Болгариялық әріптестеріміз осылай деп жарыса жазуда. Бірі, Стоилов мырзаның аңсары Еуропаға ауып жүр десе, тағы бірі ол кісі қалтасы қалың Қытайға немесе Араб елдеріне баруы мүмкін деп тон пішті.